18 жастағы бозбала 40-қа таяған ер адамды пышақтап өлтірген. Марқұмның туыстары оны ақшаға бола өлтіргенін айтады. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өйткені Нұрсұлтан Нүсіпхан ұлының сүндет тойына қаражат жинап жүрген екен. Енді артында бес бірдей баласы әкесіз қалып отыр.
2004 жылы туған күдікті қазір қамауда отыр. Мал бағуға кетіп, қайта оралмаған 39 жастағы Нұрсұлтан Нүсіпханның жүрек тұсына екі рет пышақ сұғылған. «Айдың-күннің аманында Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылы бұзақысының қолынан қаза тапты...», – дейді марқұмның жақындары. Айтуларынша, ол осы уақытқа дейін ақша бопсалап, тыныштық бермей келген. Ал қайғылы оқиға болған күні, яғни 11 маусымда Нұрсұлтанның шотында қомақты қаражат жатқанын байқап қойыпты.
Марқұмның анасы Жақыпбек Күлияқызы: «Банк карточкасындағы ақшасын алып кетіпті. Балама той жасаймын, қаражат жиып жүрмін деген еді. Ана балалар біресе қарыз, біресе тағы бірдеңе сұрайды екен. Бірге жүрген балалар ғой деп, ештеңе ойламадық. Сөйтіп жүрсек, ақшасы жоқ, телефоны жоқ болып, мәйіті табылды», – дейді.
Күдікті 2004 жылғы бозбаланың 40-қа таяп қалған еңгезердей ер адамға қалай әлі жеткені де белгілі. Нұрсұлтан Нүсіпхан туғаннан 2-топтағы мүгедек, бір аяғы мен қолы істемейді. Ел-жұрттың малын бағып, отбасын асырап отырған. Енді кәмелетке толмаған бес баласы артында аңырап қалды.
Қазір күдікті қамауда отыр.
Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин: «Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында ізін суытпай, 2004 жылғы күдіктіні анықтап ұстады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындау мен барлық тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді.
Марқұмның туыстары бес баланы жартылай жетім қалдырған күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.