Бурабай курорттық аймағында Ақмола облысының ҰҚҚ КБ қызметкерлері бопсалаушылар тобының жолын кесті. Бұл туралы Aikyn.kz cайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Арнайы операция нәтижесінде, Щучинск қаласында Бурабай ауданының аумағында бопсалаумен айналысатын жас жігіттердің қылмыстық іс-әрекеті тоқтатылды.
Ұзақмерзімді тексеру жұмысы барысында бопсалаушылардың жергілікті тұрғындарды, негізінен, жастарды мобильді банкинг арқылы ақшалай және тауарлық несие алуға мәжбүрлегені, ал бас тартқан жағдайда зорлық-зомбылық көрсетіп, қорқытқаны белгілі болды.
Қылмыстық іс тіркелді. Арнайы операция барысында полицейлер тінту жүргізді. Ұялы телефондарды тәркіледі.
4 дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 194-бабы 1-бөлігі және 194-бабының 2-бөлігі (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр. Полиция бөліміне 8 күдікті жеткізілді. Оның 4 -і уақытша ұстау изоляторына қамалды.