Бүгін-ертең Абай облысындағы өрт толық өшірілуі мүмкін

Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов осылай деді.

Қазір Абай облысындағы орман өртін сөндіру өте қызу жүріп жатыр. Әсіресе, түнгі уақытта қиындықтар болды. Кеше кешке көтерілген қатты жел әлі басылар емес. Дегенмен кеше түнімен басты үш бағытта жүргізілген негізгі өрт сөндіру жұмыстары әлі де жүргізілуде.

Негізгісі  Шүлбі стансасының маңайында. Күштің басым бөлігі сол жерге жұмылдырылып, төтенше жағдайлар қызметкерлері, әскерилер өрттің Шүлбіге дейін жетпеуі үшін жұмыс істеді. Одан бөлек, Каштак және Жирновка ауылдарының жанындағы қатты жанып жатқан ошақтарға да негізгі күштердің басым бөлігі жұмылдырылған екен. Бұл жайында qazaqstan.tv. арнасы хабарлады.


"Олардың барлығы қазір толық бақылауға алынды және әрі қарай тарауына жол бермеуге мүмкіндігіміз бар", деді Бас штаб.


    "Ыстық нүктелер бар. Ыстық нүктелердің барлығын біз әскерилерді, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскерилерін күрекпен, барлық немен жібердік. Техникаларды жібердік. Сонымен қатар тракторлар жер жырту жұмыстарымен қазір жұмыс  істеп жатыр. Қазір тағы аралап, қайтадан барлық ыстық нүктелерді сөндіруге қызметкерлердің барлығын қойдық. Барлық солдаттарды қойдық. Енді осылай ауа райы, жел көтеріліп кетпесе 1-2 күнде бітіреміз деп жақсы сөз сөйлеп жатырмыз",   деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.

Дегенмен бұл өрт сөндіру жұмыстары 1-2 күнде толық аяқталады деген сөз емес. Себебі орманның ішінде топырақтың беткі қабатында шамамен 20 сантиметр тереңдікте сөнбеген шоқ болуы мүмкін. Ол желдің үрлеуімен тағы да тұтанып, орман өрті қайта басталып кетпес үшін олар толық сөндірілгенше бұл жердегі жұмыстар тоқтамайтын көрінеді.

фото:zakon.kz