Әбдіжәлел Бәкір: Аруақты қозғай берудің қисыны жоқ

Әлеуметтік желіде «Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі мазары бұзылғалы жатыр» деген ақпарат тараған еді.

Оған  Сыртқы істер министрлігі өкілі Айбек Смадияров: «Зират орнында, ешкім оған тиіскен жоқ. Елшіліктің қызметкері барып тағы да тексеріп қайтты, зираттың басшылығымен сөйлесті» деп жауап қайырған-ды. Дегенмен «зират бұзылады» деген ақпараттар кей-кейде қылаң беріп қалады. Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеп жүрген мұстафатанушы, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір бұған не дейді? 

– «Берлиндегі Мұстафа Шо­қай зиратын Германия үкіметі  бұзады екен» деген ақпар тараған еді. Кейін бұл жалған болып  шықты. Жалпы, Мұстафа Шоқай зиратының сақталуы үшін Үкімет арнайы жағдай жасауы қажет пе?

– «Мұстафа зиратын көшіреді екен» деген сөздер әлі де айтылып қалып жатады. Алайда олар – негізсіз. Қазір бұл жеке адамдар­дың, ағайын-туыстардың мәсе­лесі емес. Сондай-ақ Кеңес үкі­меті адам басына 1 000 сом тігіп, Мұстафа Шоқайдың Ферғана тау­ларын аралап жүрген 1918 жыл емес.   Бұл – мемлекеттік мәселе. Мұстафа Шоқай әлемге Еуропада ерте танылды. Оны Франция мен Германия бізден әлдеқайда бұрын білді. Мұстафатану ғылымы  ең алғаш Түркияда қалыптасты. Қазір Мұстафа Шоқай зираты Түркия мемлекетіне қарайтын қорымда жатыр. Бұл жерді кезінде Германия басшысы Осман импе­рия­сына сыйға тартқан. Онда зәулім мешіт, шағын сауда меке­ме­лері бар. Сондықтан ретсіз аруақты қозғай берудің қисыны жоқ.

– Кезінде Смағұл Сәдуақас­ұлының мәйітінің күлін елге әкеп жерледік. Кейкі батырдың да басы елге қайтты. Мұстафа Шоқайдың да сүйегін елге әкелу туралы мәселе көтерілді ме? Жалпы, әкелуге мүмкіндік бар ма? 

– Ал Мұстафа Шоқайдың сүйе­гін елге әкелу туралы мәселе үш-төрт жыл республика дең­гейін­де көтерілді. Көпшілік қол­дамады. Соңғы рет бұл ұсы­ныс 2021 жылы Шымкентте Алаш арыс­тарына қатысты респуб­лика­лық конференцияда әңгіме болды.  Онда мен:  «Аруақты қозғамайық, Мұстафа атамыз қазір Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты байланыстырып жатыр» дедім де, одан да Мұстафа ата­мыз бен Мария  анамыздың жат­қан жерлерінен топырақ алып, оларға Түркістанда ескерт­кіш орнату туралы  ұсыныс жаса­дым. Оны қолымнан келгенше дәлелдедім. Атамыздан кейін 28 жыл  өмір сүрген  Мария Шоқай жарына қатысты бар тірлікті жалғыз өзі атқарды. Ол өмір бойы  «Менің Мұстафам» деп келіп, сол күйі о дүниеге аттанған адам. Конференциядағылар бұл ұсы­нысты қолдаған еді.  Бірақ бұл Ас­танаға жетті де жоқ болды. 

Дайындаған 

Гүлзина БЕКТАС