Дегенмен осы әдемілікті бұзушылар да жоқ емес. Еңбекті елемейтін кімдер?
Ұрлық та азаяр емес
Мамыр айының ортасынан бастап Қарағандыда гүл егу жұмыстары жүріп жатыр. Барлығы 800 мыңға жуық гүл отырғызу жоспарланған. Қаланың орталық көшелеріндегі гүлзарлар өсімдіктерге толып, айналма жолдар да көгалдандырыла бастады. Дегенмен күнделікті егілген гүлді тұрғындар тарапынан ұрлау, таптау және иттерін қыдырту деректері тіркелген.
Соның бірі – қаладағы гүлзарлар мен гүл құмыраларынан 300-ге жуық гүлді жұлып алған жосықсыз азаматтардың үстінен Қарағанды қаласы әкімдігінің шағымы. «Сөз жоқ! Гүл отырғызу басталғаннан бері гүлзарлар мен құмыралардан 300-ге жуық гүл жұлынды! Мұнымен айналысатындарға бір сұрақ – неге?!» деген үндеу қала әкімдігінің арнайы парақшасында пайда болды.
Осыған ұқсас жағдайлар жыл сайын болып тұратыны қынжылтады.
Ал ұрланған гүл орнына саябақтар бөлімінің мамандары жаңа гүлдер отырғызуға ғана үлгереді.
Бұған дейін қарағандылықтар Н.Назарбаев даңғылында жақында егілген гүлдердің солып қалғанын айтып шағымданған болатын. Сондай-ақ гүлзарлардағы гүлдер тым сирек отырғызылады. Қалалық мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы көгалдандыру жұмыстары жақсы бола бермейтінін, бірақ жұмысшылар талпыныс жасап жатқанын айтады. Суару күн сайын түнде жүргізіледі, кейбір жерлерде автоматты суарылады. Қандай да бір себептермен гүлдер тамыр алмайтын жерлер трансплантацияланады. Өсімдіктер тек сумен ғана емес, сонымен қатар тыңайтқыштармен де суарылады.
«Азаматтардан сәл шыдамдылық пен сенім сұраймыз», – деп түйіндеді ведомство.
Көгалдандыру жалғасуда
Көгалдандыру жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Дегенмен қала тұрғындарынан да шағымдар жиі айтылуда.
Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов «сын – шын» дейді.
– Қаланы көріктендіру үшін қаланың айналма жолдарына тал мен гүл отырғызылғалы жатыр, – дейді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов.
Сонымен қатар Терешкова көшесі «Орбита» шағын ауданы 7-ші трасса – Волгодонская және Назарбаев даңғылы бойындағы Қазыбек би ескерткіші бойындағы айналма жолдарда аласа ағаштар мен бұталар пайда болады. Өсімдік тердің көлемі аз болады, – деп нақтылады әкім.
Аласа болуы өсімдіктер жүргізушілерге кедергі жасамауы үшін екендігі айтылды.
Теміртауда жай қалай?
Теміртау қаласына жасыл белдеу құрамыз деген «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жұмыстарын жалғастыруда. Бұл мақсатқа 700 миллион теңге қаржы бөлген. Қазір мамандар былтыр отырғызған ағаштарды жаппай тексеріп, мониторинг жүргізуде.
Биыл да қала сыртына біраз көшет егілуде. Теміртаудың экологиялық ахуалын жақсарту үшін былтыр қала маңына 100 мың түп ағаш егілген болатын. Топырақтың құрамын, жергілікті климатты мұқият зерттеген ғалымдардың кеңесі бойынша шетен, терек, шаған және алма ағаштары таңдалып алынған.
Бұлар арқаның аязына шыдамды келеді, әрі қара күздің соңына дейін жасыл күйін ұстап тұрады екен. Қазір мамандар қыстан шыққан көшеттерді жаппай тексеріп жатыр.
– Өте биік болып өскендері бар. Жас талдарды жел сындырып кетпес үшін шамалы кестік. Енді былтыр еккен ағаштардың қаншалықты жерсінгенін тексеріп шығамыз. Қажет болған жағдайда айырбастаймыз, – дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры Гүлнар Стамқұлова.
Орман шаруашылығы институтының мамандары жүргізген мониторинг барысында былтырғы көктемде егілген көшеттердің шамамен 25 проценті қурап қалғаны анықталған. Енді мердігерлер қысқамерзімде бұл ағаштарды айырбастап, басқасын екпек. Сондай-ақ жерсінген талдарға да күтім жасалады. «Барлық учаскеде бірдей жұмыстар атқарылады. Көшеттердің түбіне қосымша қара топырақ саламыз, тамырына су жақсы бару үшін қопсытамыз. Компания биыл қала сыртына да 500 мың көшет отырғызуды жоспарлап отыр. Ол үшін 700 миллион теңге қаржы бөлген», – дейді Гүлнар Стамқұлова. Компания жасыл желек жайқалып өсу үшін тамшылатып суару технологиясын қолданбақшы.
Қала көшелеріндегі көшеттерге көңіл толады. Дегенмен сол әдемілікті сақтау қолымызда екендігін ұмытпасақ екен...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы