Шығыс Қазақстан облысында 14 маусымда шыққан дала өртінің беті қайтты.
ШҚО әкімдігінің мәліметінше, кеше Алтай ауданы Северное ауылынан 10 шақырым жерде басталған өрт қазіргі уақытта толықтай оқшауланды.
«Северное мен Серебрянск елді мекендеріне қауіп төнген жоқ. Өрт сөндіруге 152 адам жұмылдырылды. Оның ішінде облыстық ТЖД қызметкерлері, арнайы құрылған табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының авиаотряды бар. Өрттің ауданы 23 гектарды құраған», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Тілсіз жау шөп пен бұтаны шарпыған. Құтқарушылар кезекшілікте қалады, өйткені синоптиктердің болжамы бойынша, бүгін жылдамдығы секундына 21 метрге жететін қатты жел болуы мүмкін.
«Қазір онда су төгетін құрылғылары бар екі тікұшақ жұмыс істеуде. Өртті сөндіруге қатысқандардың барлығы қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Күн сайын әуе патрульдері бақылау жүргізуде. Аймақта ыстық, құрғақ ауа райы орнап, өрт қаупінің жоғары 5 класы жарияланды. Барлық жағдай бақылауда», – деді Д.Ахметов.