Жалпы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының мақсаты – ауылдардың инфрақұрылымдарын дамыту, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу арқылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік, тұрмыстық әл ауқатын жақсарту. Бағдарламаның бекітілген методикасына сәйкес өңірде 53 тірек, 50 спутниктік елді мекендер айқындалып, бағдарлама жүзеге асқан 4 жыл ішінде облыста құны 18 млрд теңгеден асатын 225 инвестициялық жоба жүзеге асырылған екен. Жиында Қызылорда облыстық Экономика және қаржы басқармасының Ауыл шаруашылығы және ауыл-аймақтарды дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Қожабекұлы баяндама жасап, бағдарлама аясында бөлінген қаржының игерілуі турасында ақпарат берді. Оның айтуынша, биыл 39 елді мекенде 158 жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 7 946 млн теңге, ал республикалық бюджеттен қосымша 58 жобаға 3 668 млн теңге бөлініп, барлығы 11,6 млрд теңгенің 216 жобасы қолға алынған. Бұл бөлінген қаражат аталмыш елді мекендердегі білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге, сонымен қатар жарықтандыру, газбен жабдықтау, көлік инфрақұрылымы, сумен жабдықтау, абаттандыру жұмыстарына бағытталған жобаларға жұмсалуда.
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы облыстағы ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін тілге тиек етіп, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы маңызды екенін жеткізді. Бүгінде өңірде демографиялық және миграциялық өсімдерге сәйкес бала саны жыл сайын артуда. «AMANAT» партиясы жас ұрпақтың сапалы білім алуын өзінің 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына арнайы енгізіп отыр. Басты міндет – білім беру ұйымдарында оқушылар үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасау. Күн тәртібіндегі осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Қызылорда облыстық Білім басқармасының Тәрбие жұмыстары жөніндегі бөлім басшысы Бектұр Қали хабарлама жасады.
Жалпы бүгінгі күні облыста 5 апатты және үш ауысымда жұмыс істейтін 6 мектеп бар. Аталған мәселелерді бірінші кезекте шешу үшін нақты жұмыстар қолға алынып отыр. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын мектептер мен демеуші және «Білім беру инфрақұрылымын қолдану қоры» есебінен 2025 жылға дейін апаттық мектептердің мәселесі түбегейлі және үш ауысымда білім беру мәселесі биыл жыл соңына дейін толық шешімін таппақ.
Нұрлан ҚОСАЙ