Форумды «KEGOC» акционерлік қоғамы және Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының (ҚЭҚ) Ардагер-энергетиктер кеңесі ұйымдастырды.
Электр энергетика саласының экономикада алатын рөлі маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ал еліміздің түкпір-түкпірінде кездесетін электр жеткізу желілері тіршіліктің күре тамыры іспеттес. Халқымызды сенімді әрі тұрақты энергетикамен қамтамасыз ету – осы желілердің адам ағзасындағы қан тамырындай үздіксіз жұмыс істеп тұруымен тікелей байланысты. Осыған орай Қазақстанның, сондай-ақ Беларусь, Қырғыз және Ресей елдерінен келген ардагер-энергетиктер Астанада бас қосып, саладағы түйіткілді мәселелерді талқылады.
Форум барысында «КЕGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев қатысушыларды Қазақстан электр энергетикасы саласының ағымдағы жағдайымен таныстырды, сондай-ақ компанияның келешектегі даму жоспарлары туралы баяндады. Компания басшысының айтуынша, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстанда ұлттық, өнеркәсіптік және өңірлік маңызы бар 207 электр станциясы жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаты 20,8 ГВт. 2015 жылдан бері бұл көрсеткіш жаңармалы энергия көздері есебінен 3,2 ГВт-қа артқан. Электр энергиясын өндіру бойынша былтыр 112,8 млрд кВт/сағат болса, ал тұтыну көлемі 100 млн кВт/сағатқа артық, яғни 112,9 млрд кВт/сағатты құрайды.
– Қазақстан энергия жүйесіне жүктеме жыл сайын артып келеді. 2022 жылғы 7 желтоқсанда тұтынудың ең жоғары көрсеткіші тіркелді, яғни 16 459 МВт. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекорд орын болып есептеледі. Осындай жоғары жүктемелер кезінде Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) штаттық режимде сенімді жұмыс істегенін атап өткім келеді. Алдағы күзгі-қысқы кезеңде жүктеме бұдан да жоғары болады деп күтілуде. Десе де, қазіргі кезде жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарымыз ондай ауыртпашылықтарды ешқандай тосын жағдайсыз еңсеруге мүмкіндік береді деп сенемін. Барлығы біздің электр станцияларымызға байланысты. Таяуда тарифтерді көтеру жөнінде бұйрық бекітілді. Бұл біз үшін үлкен қолдау болмақ, – деді компания басшысы Қаныш Тәңірбергенұлы.
«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы алдағы бірнеше жылда салада электр энергиясы мен қуат көздерінің тапшылығы болатынына назар аудартып отыр. Осы болжамды тапшылықты жабу мақсатында Энергетика министрлігі еліміздің 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын бекіткен болатын. Ол қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа өндіруші қуаттарды салуды қарастырады. Сонымен қатар «KEGOC» АҚ энергетикалық байланыстарды күшейту жобаларын салып, Батыс аймақты Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіруді көздейді.
Сондай-ақ кездесуде талқыланған өзекті мәселелердің бірі – білікті кадрлар тапшылығы төңірегінде пікір алмасу туралы болды. Қазіргі уақытта энергетика саласында 139 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл ретте саланы білікті кадрлармен жасақтауда қиындықтар туындауда. Кадр тапшылығының артуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – төменгі жалақы деңгейі, ол елдегі орташа жалақыдан 13,8%-ға төмен.
Электр энергетикасы саласындағы қазіргі жағдайды және оларды шешу жолдарын талқылаудан бөлек халықаралық форумда ұрпақтар сабақтастығы және күллі саналы ғұмырын отандық электр энергетикасын дамытуға арнаған жандарға қамқорлық көрсету мәселелері талқыланды. Аға буын энергетиктер қауымы Қазақ КСР Энергетика министрлігінің жемісті қызметі қазіргі заманауи жас басшылар үшін еліміздің маңызды энергетика саласын табысты басқаруда шын мәнінде үздік үлгі болуға тиіс деп есептейді.
– Осымен 12-ші мәрте өткізіліп отырған форумның дәстүрге айналғаны қуантады. Мұнда энергетика саласының сүбелі мәселелері талқылануда. Делегаттарымыз кеңестік кезінде жоғары сапа мен стандарттар деңгейінде салынған инфрақұрылымдардың құрылысын салу, іске қосу жұмыстарына қатысқан тәжірибесі мол азаматтар. Ол кезде энергетика саласы бір ведомствоға қараған болатын. Қазіргі кезде үш министрлік бөліп алып, басшылық етіп отыр. Атап айтқанда, Экономика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі және тағы да басқа органдарға қарайды. Бұндай жүйе жұмыстардың тиімді атқарылуына үлкен кедергісін тигізеді. Сол себепті саланы бөлшектемей, қайтадан бір ведомствоға біріктіру қажет. Бұл ойымды көптен бері айтып келемін, – дейді ҚЭҚ Ардагер-энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов.
Форумның қарауына енгізілген мәселелер делегаттар тарапынан кеңінен талқыланып, көтерілген сұрақтар бойынша ұсыныстар мен тілектер қабылданған Қарарға енгізілді. Отырыс соңында бірқатар ардагерлер «Ардагер энергетик. Қазақстан Электр энергетикалық Қауымдастығы» белгілерімен, сондай-ақ ҚЭҚ-тың құрметті атақтарымен және грамоталарымен марапатталды.
Отандық энергетика саласын үлкен жауапты кезеңдердің алдында тұр. Осындай саланың өзекті мәселелері талқылауға мүмкіндік беретін, аға буын энергетиктер өздерінің тәлім-тәжірибесімен бөлісе алатын және қазіргі энергетика саласындағы жағдайға тура баға бере алатын дәстүрлі пікірталас алаңдарының маңызы зор.
Нұрлан ҚОСАЙ