«Digital Almaty 2020» халықаралық форумы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио Хохшильдпен және БҰҰ Ғаламдық коммуникация департаментінің өкілі Властимил Самекпен кездесті. Тараптар ҚазҰУ-дың БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұрақты даму бойынша жаһандық хабы ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған шараға қатысуын талқылады. Фабрицио Хохшильд БҰҰ-ның жаһандық даму мақсаты жолында қазақстандық ЖОО-да жүзеге асып жатқан халықаралық бастамалар мен жобалардың мазмұндылығына тоқталып, жаһандық хабты басқарып отырған ҚазҰУ жұмысына алғысын білдірді. Сондай-ақ ол әл-Фараби мерейтойына арналған шаралардың маңыздылығын айтып, адамзат өркениетінің тұрақты дамуында өзектілікке ие болатын ғұламаның ізгілікті идеяларын насихаттау қажеттігін жеткізді.