«Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасын білмейтін жан кемде-кем. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықовтың қаламынан туған махаббат дастаны өткен ғасырда-ақ өз оқырманын тауып, талай жас жүректің бойтұмарына айналып үлгерген-ді. Ғашықтық сырын қозғап, алуан түрлі сезімді жырлайтын шығарма режиссер Фархад Молдағалидің бүгінгі күнге сай көзқарас, ой-шешімімен жаңаша өрбіп, театрсүйер қауымның назарына ұсынылды. 2021 жылдың маусымында Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында шымылдығы түрілген туынды биыл ел ішін аралап, өңірдегі көрерменіне қуаныш сыйлауда. Театр ұжымы аталмыш спектакльмен былтыр Ақтау, Жаңаөзен қалаларында екі мыңнан аса көрерменге аншлагпен өнер көрсетіп, батыстың байтақ даласын махаббат жырымен әлдилеген еді. Көрермен сұранысы мен қалауын ескере отырып, театр ұжымы ақпан айынан бастап қазақ театрларының арасынан алғаш рет еліміздің барлық қаласын қамтитын «Сезім сапары» атты тур-спектаклін бастаған болатын. Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалаларын аралап үлгерген сапардың ендігі аялдамасы – Астана.
«Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін барлық аймақтағы театрсүйер қауым ыстық ықыласпен қабылдап жатыр. «Театр ұжымы жылына бір-екі рет гастрольге шығып тұрамыз. Алайда арнайы бір спектакльмен республика көлемінде тур жасау тәжірибемізде болмаған. «Махаббат, қызық мол жылдардың» шымылдығы түрілген уақыттан бері көрермені үзілген жоқ, ұдайы билет таусылып қалып жатады. Алматыға аймақтардан арнайы келген көрермендер де көп болды. Қойылымға сұраныс жоғары болғандықтан, «Сезім сапарына» шығамыз деген идея келді», – дейді Фархад Молдағали.
Әр оқырманның, әр көрерменнің өз «Махаббат, қызық мол жылдары» бар. Өз қиялында қалыптасқан Ерболы мен Меңтайы, Танасы мен Заманы, Майрасы мен Зәйкүлі бар. Мұндай таңдаулы туындылардың екінші авторы атануға көп режиссерлер жүрексінеді. Бұл орайда режиссер Фархад Молдағали батыл да сәтті қадам жасай білген.
«Кез келген идеяны жүзеге асыру, жақсы шығармаларды сахналау кезінде оның жастарға әсері, өскелең ұрпақты театрға көптеп тарту туралы жиі ойланамын. «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасында тазалық, адалдық бар. Жастарға айтары көп, шынайылыққа үндейді. Әрі ғашықтық, сезім тақырыбы көптің көңіліне әрдайым жағады. Бұл дастан бүгінгі жастардың болмысымен астасып, қай ғасырда да албырт көңіл, адал достық, балауса сезімнің оқиғасы ұқсас болатынын көрсете алатын,
Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасына сұранып тұрған туынды болды. Оның үстіне, Әзілхан Нұршайықовтың махаббат хикаясын сахналау 4-5 жылдан бері ойымда жүрген. Театр басшылығынан да ұсыныс бола қойды. Осылайша, жаңа көзқараспен, заманауи ой-шешіммен бір шығармашылық дүние ұсындық. Нәтижесі – бүгінгі көрермен сұранысы мен жылы лебізі», – дейді режиссер.
Көрермен сұранысы жоғары болғандықтан, қазіргі уақытта спектакль ұжымы екі құрамда ойнайды. Дархан Сүлейменов, Гүлбаhрам Байбосынова, Мақсат Сәбитов, Ерден Жақсыбеков, Толқын Нұрбекова сияқты танымал театр және кино артистері өнер көрсетеді. Әр құраммен қойылым одан сайын түрлене түседі.
«Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына жас артистер қабылданып жатыр. Олардың бірқатары «Махаббат, қызық мол жылдардың» мектебінен өтіп, мол тәжірибе жинақтап үлгерді. Әрі көрерменге жаңа есім, жалындап тұрған жас артистің өнерін тамашалау қызық. Жалпы спектакльдің бір қойылымы ендігісіне ұқсамайды. Бұған көрермен, кейіпкерлердің көңіл-күйі, залдағы атмосфера және тағы басқа түрлі фактор әсер етеді. Әйтсе де, жас талантты артистердің шығармашылыққа деген сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығы бұл туындыны көрерменге жоғары деңгейде жеткізуге мүмкіндік берді», – дейді Фархад Молдағали.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастар кітап оқымайды деп жиі сынға аламыз. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры танымал шығармаларды сахналау арқылы жастар арасында сол туындының өзін танытуға ықпал етуге болады деп санайды.
«Бұл мақсатта көп жұмыс атқарып жатырмыз. «Махаббат, қызық мол жылдар» сахналанғаннан кейін бұл шығарманың түпнұсқасына қызыққан оқырмандар қатары артты. Я болмаса, «Алтайдан ауған ел» спектаклін қоятын кезде, Халифа Алтайдың осы шығармасын «Меломан» дүкенінің бір бұрышынан тауып алғам. Тіптен, сатушылар мұндай автордың, яки туындының бар екенінен бейхабар еді. Кейін театрда қойылып, көрермен арасында қызығушылық артты, әлеуметтік желілерде жақсы лебіздер жазылып, оқырман көп сұрап барғаннан кейін, бұл кітапты «Меломанның» елге көрінетін сөрелерінен байқадық, тіптен жеке сөре арнады. Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы сахналанған уақытта автордың кітабы театрдың фойесінде сатылған еді, түгелдей дерлік өтті кетті. Спектакльдің өзінен жақсы әсер алған көрермен шығарманың түпнұсқасын оқуға ықыласы артады. Бұған көптеген қойылымымыз дәлел бола алады», – дейді режиссер.
Расында Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жаңашылдыққа жаны құмар. Мәселен, «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымын тамашалауға келген көрерменге әдемі де әсерлі естелік сыйлау үшін «Ашық хаттар» идеясын жүзеге асырған. Сезімді селт еткізер, жүректегіні дөп басар ашық хатта шығармадан алынған ерекше цитаталар, Ербол мен Меңтайдың рөлін сомдайтын артистердің тілегі мен қолтаңбасы, естелікке фотосурет бар. Әрі QR код арқылы қойылымның бағдарламасын көре аласыз.
Театрсүйер көрермен мен кәсіби мамандардың жоғары бағасын алған туындының айтулы сапары әрі қарай Көкшетау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында жалғасады.
«Сезім сапары» қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықовтың биылғы 100 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Шығармашылық сапарымызды жыл соңында Семейде қорытындылаймыз. Әрі келесі жылға жоспарлап отырған «Болмаған балалақ шақ» қойылымының турын осы мекеннен бастап кету ойымызда бар. Біздің театрдың жыл сайын бір спектакльді сапарға шығаруға репертуары жетерлік», – деп түйді Фархад Молдағали.
Айдана НҰРМҰХАН