Коронавирус қаупі: ҚМДБ жамағатқа кеңес берді
Коронавирус қаупі: ҚМДБ жамағатқа кеңес берді
© Sputnik / Владислав Воднев
211
оқылды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирустың таралуына байланысты жамағатқа кеңес берді, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Құрметті отандастар! Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда, дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-ақ қоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйде орындауға кеңес береміз", - деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, еліміздің әрбір азаматын қоғамдық орындарда тазалық ережелерін сақтап, өз денсаулығына асқан мұқияттылықпен мән беріп, сақтанып жүруге шақырды. "Бүгінде бүкіл әлем халқына коронавирус қаупі үрей сеуіп, дерттің өзінен гөрі күннен-күнге өршелене түскен дақпырты мен дабылы дүние жүзін дүрліктіріп жатыр. Төрткүл әлемге түгел қауіп төндірген дертке немқұрайлық танытып, немкетті қарау – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері бек мүмкін", - дейді басқармадағылар. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 6 қаңтардан бері мемлекеттік шекарада бір миллионға жуық азамат тексерілген. Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус анықталған жоқ. Соңғы мәлімет бойынша, Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны 80 026-ға жетті. Аурудан 2912 көз жұмды, 44 462 адам дерттен айықты. Коронавирус Қытайдан бөлек әлемнің 58 еліне тарап үлгерді. Бұл елдерде 104 адам қайтыс болды, ал вирус жұқтырғандардың саны – 7 169.