Астанадағы банк ғимаратында қызметкерлерді ұстап отырған қарулы күдіктіге қандай жаза қарастырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 18 маусым күні сағат 13:51-де болған еді. Достық көшесінің бойындағы Kaspi bank филиалына кірген белгісіз тұлға тапаншаға ұқсас затпен қорқытып 7 адамды кепілге алған.
Келіссөз жүргізгеннен кейін сағат 16:35-те арнайы жасақ қызметкерлері ғимаратқа шабуыл жасады. Жоспарланған операцияның нәтижесінде 30 жастағы ер адам ұсталып, кепілге алынғандардың барлығы босатылды. Кепілге алынғандар мен кепілге алушы зардап шеккен жоқ.
Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне ҚР ҚК 261 бабы 2 бөлігі «Адамды кепілге алу» бойынша тіркелді. Бұл бапта мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілмейді.
Фото Tengrinews.kz