Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек биыл жаңадан ашылатын көпір мен жөндеуден өтетін көшелер туралы өз Instagram парақшасында мәлімдеді.
- Қала мен тұрғындардың өсуін назарға ала отырып, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің нысандарын салумен бірге, жол инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлеміз. Биыл қалаға 400 автобус жеткіземіз. Ал басым бөлігі шілде айынан бастап жеткізіле бастайды.
Сондай-ақ қала жолдарындағы көлік ағынын сейілту үшін биыл Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысын аяқтаймыз. Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді, сол сияқты сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар барлық ауданда жол жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Биыл ұзындығы 54 км-ден асатын 70-тен астам көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз.
Мәселен олар Ғұмар Қараш, Қордай, Бурабай, Белжайлау көшелері, Кенесары көшесінің Ғабдуллин көшесінен Республика даңғылына дейінгі аралығы, Уәлиханов көшесінің Кравцова көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейінгі аралығы, Тәшенов көшесінің Республика даңғылынан Амман көшесіне дейінгі тұсы, Иманбаева көшесінің Иманов көшесінен Кенесарыға дейінгі аумағы, Әл-Фараби даңғылының Алаш тасжолынан Пушкин көшесіне дейінгі жері, Жеңіс даңғылының Бөгенбай батыр тұсынан Кенесары көшесіне дейінгі аралығы, Еңбекшілер көшесінің құрылысы Ұлы дала даңғылынан Бұқар Жырау көшесіне дейінгі тұсы; Рысқұлов көшесінің Мәңгілік ел даңғылынан Қайсенов көшесіне дейінгі аралығы, Сарыарқа, Р.Қошқарбаев даңғылдары және т.б. Биыл шамамен 300 көше жөндеуден өтеді», – деп жазды елорда әкімі.