«AMANAT» жанындағы Партиялық бақылау комитетінің және Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің мүшелері Қостанай облысына барды. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері Павел Казанцев, Екатерина Смышляева, Берік Бейсенғалиев, Юлия Кучинская аймақ тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.
Партиялықтар Арқалық пен Державинск қалалары арасындағы автожолды жөндеу жұмысы барысын тексерді. «AMANAT» жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, бұл мәселе партияның сайлауалды уәделері аясында шешіліп, жөндеуге 2,5 млрд теңге бөлінеді.
«Біз Қостанай облысындағы Арқалық және Ақмола облысына қарасты Державинск қалалары арасындағы тасжол туралы айтып отырмыз. Трассаның бойы жанданған, аймақ тұрғындары осы жолмен елордаға қатынайды. Державинскке жету үшін кейбір жүргізушілер қара жолмен айналып өтуге мәжбүр болды. Енді Қостанай облысы тарапынан биыл 38 шақырым жол жөнделеді, оның 24 шақырымы аяқталды. Ақмола облысы тарапынан 36 км тасжолды жөндеу жалғасуда, жыл соңына дейін барлығы 74 км жол қайта жаңартылады», – деді халық қалаулысы.
Аманаттықтар облыс орталығынан 450 шақырым жерде орналасқан Амангелді ауданының Қарынсалды ауылының тұрғындарымен де кездесті. Ауылда тек 140 адам тұрады, олар интернеттің жоқтығына, ұялы байланыс сапасының төмендігіне және жол сапасының нашарлығына шағымданды.
«Менің жеке шаруашылығым, техникаларым бар, қарамағымда біраз адам жалдамалы жұмыс істейді. Бірақ адамдар бұл жерден көшіп жатыр, жол жоқ, интернет жоқ. Қыста, көктемде қалаға жету қиямет-қайым. Ауылда қарттар ғана қалады, көп ұзамай мұнда жұмыс істейтін ешкім қалмайды. Жастарды ауылға тарта алсақ қой», – дейді фермер Серік Оразаев.
«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева интернет тек қала тұрғындары үшін ғана емес, шағын ауылдар үшін де қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті.
«Халық санына қарамастан инфрақұрылым дамуы тиіс. Сондықтан жақында KazSat-2 байланыс спутнигінің қызмет ету мерзімі ұзартылды. Басты мақсат – әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаһандық желіге қолжетімді ету. Болашақта әр үйге интернеттің қосылуын қарастырамыз», – деді ол.
Арқалық қаласына қарасты Ашутасты ауылында партиялықтар «Арқалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС ұжымымен кездесті. Фермерлер инфрақұрылымды дамытудың қолға алынуы, жол салынуы сияқты басқа да оң істердің атқарылып жатқанына қарамастан, жастар жұмыссыз қалғандықтан ауылдан кетіп жатқанына алаңдайды. Осы орайда, аманаттықтар ауыл шаруашылығын қолдау партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Алдағы бес жылда «AMANAT» аграрлық саланы субсидиялау жүйесін жақсартуға, жем-шөп өндірісін дамытуға, сондай-ақ бүкіл өндіріс тізбегі бойынша мал шаруашылығының қордаланған проблемаларын шешуге ықпал ететін болады.
Бұдан соң Мәжіліс депутаттары өңірдің партиялық активінің отырысын өткізді. Халық қалаулылары Парламент жұмысының өзекті бағыттары мен партиялық жобаларды іске асыру туралы айтып берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің Арқалық қаласының тұрғындарымен кездесуі барысында партия Төрағасы Ерлан Қошанов моноқаланы дамыту үшін Үкімет кешенді жоспар әзірлейтінін айтқан еді. Құжаттың іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізуді «AMANAT» қамтамасыз етеді.