«Халықпен бірге!». Қызылордада сайлауалды бағдарламаның жол картасы таныстырылды

Брифингте бағдарламаны тиімді жүзеге асыруда 5 бағыт бойынша топтастырылған іс-шаралар мен көрсеткіштер сөз болды.

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне  партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындауға бағытталған Жол картасын таныстырды.

 

Брифингте бағдарламаны  тиімді жүзеге асыруда  5 бағыт бойынша топтастырылған іс-шаралар мен көрсеткіштер сөз болды. Оның ішінде «Аймақ экономикасын дамыту», «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту», «Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қолжетімділігін арттыру», «Әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау» және «Экологиялық жағдайды жақсарту» секілді  бағыттар қамтылған.

Соның ішінде «Аймақ экономикасын дамыту» шеңберінде 32 іс-шара көзделген. Бұл тұрғыда индустриалды-аграрлық аймақ саналатын Сыр өңірі халқының 53 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрғандықтан, аймақтың өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын одан әрі дамыту ісі өзекті саналады.

Сондай-ақ, өңірде мұнай қорының сарқылуына орай 2 учаскеге геологиялық зерттеу жүргізіліп, аймақ экономикасын әртараптандыру жұмыстары қолға алынады. Осы ретте, тау-кен өнеркәсібіне 237,5 млрд теңге инвестиция тартылып,  мырыш, қорғасын және ванадий өндіретін 2 ірі жоба жүзеге асырылмақ.

Мұнан өзге агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 2 су қоймасының құрылысы жүргізілу көзделіп отыр. Оған 28,9 млрд теңге инвестиция тартылып сүт, томат пастасы, құс еті, күріш өңдеу, құрама жем шығару және тағы басқа өнімдер шығаратын ірі инвестициялық жобалар іске асырылмақ. 

«Бұл шаралар нәтижесінде инвестиция көлемі 2 есеге артып, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 28 пайызға өсетін болады. Сонымен қатар 100 мыңнан астам жұмыс орындары құрылып, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 130 мың адамға жетеді», – деді партия филиалының төрағасы.

Жол картасы бағдарламасында «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту» мәселесі де қамтылған. Атап айтсақ,  бағдарлама шеңберінде халықты жайлы баспанамен  қамту мақсатында қаржыландырудың барлық көздері есебінен 3 554 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Сол арқылы  халықтың әлеуметтік осал тобындағы 1100 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 100 жас буын өкілдерінің баспаналы болуына мүмкіндік жасалады.

Сонымен қатар жол қатынастарын жақсарту үшін алдағы 5 жылда 700 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары, 800 шақырымнан астам елді мекендердің ішкі жолдары жөндеуден өтіп, 18 көпір қайта жаңартылмақшы.  Нәтижесінде, өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 96 пайызға жеткізіледі деп жоспарлануда.

Сол сияқты 2027 жылы облыстағы барлық елді мекендер таза ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Ол үшін 8 ауылда сумен жабдықтау жүйесі жақсартылып, 24 ауылда су тұшытқыш қондырғылар орнатылады.

Өңірде электрмен және жылумен жабдықтау желілерінің тозуы жоғары. Бұл бағытта 3 жоба жүзеге асырылып, Қызылорда қаласында 28 км жылумен жабдықтау желілері қайта жаңғыртылады.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қолжетімділігін арттыру бойынша да ауқымды жоспар бар. Мәселен, мектептердегі орын тапшылығы мен апатты мектеп мәселелерін шешу мақсатында аймақта 26 мектеп салынып, 4 білім ордасына қосымша құрылыс жүргізіледі. Сондай-ақ 17 мектепке күрделі жөндеу, және материалды-техникалық базасын нығайту көзделіп отыр. Жалпы 5 жылда 15 спорт, 32 медицина, 10 мәдениет нысаны бой түзейтін болады.  

Брифингті қорытындылаған партия филиалының төрағасы  арнайы бағдарлама аймақты дамытудың жоспарлау құжаттарымен үндестірілгенін және қаржылық жағынан қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті. Жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруға партияның аймақтағы барлық әлеуеті жұмылдырылатынын жеткізді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы