Титаникті көру үшін мұхитқа сүңгіген миллиардер жоғалып кетті

Атлант мұхитының ортасында батискаф жоғалып кетті. 3800 метрдегі мұхит түбіндегі Титаникті көруге сүңгіген туристерден әлі хабар жоқ. Олардың оттегі қоры да таусылуға таяу.

Бүкіл әлем Атлант мұхитының ортасында жоғалып кеткен батискафты құтқару операциясының нәтижесін тағатсыздана күтуде. Мұхит түбіндегі Титаникті көруге сүңгіген туристерден әлі хабар жоқ. Олардың оттегі қоры да таусылуы мүмкін.

Британдық Sky News телеарнасына сілтеме жасаған Aikyn.kz батискафты іздеу-құтқару шаралары туралы хабарлайды.

Фото BBC сайтынан алынды

19 маусымда Бостон жағалауының күзет қызметі суға батқан Титаник жолаушылар лайнерін көргісі келген туристердің жоғалып кеткенін хабарлады. Қазір Атлант мұхитында іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. АҚШ жағалау күзетінің солтүстік-шығыс әкімшілігі АҚШ пен Канаданың батискафты іздеуге екі ұшақ жіберген.

Америка Құрама Штаттары іздеу-құтқару операциясына С-130 әскери-көлік ұшағын, ал Канада Boeing P-8 Poseidon сүңгуір қайықтарға қарсы патрульдік ұшағын жіберді. Іздеу жұмыстары АҚШ-тың Атлант мұхиты жағалауынан 900 миль қашықтықта жүргізілуде. Іздеу-құтқару жұмыстарына канадалық «Поляр принц» зерттеу кемесі де жұмылдырылған.

Атлант мұхитында жоғалып кеткен Титаникке барған батискаф бортында бес адам болған. Бұл туралы The Guardian басылымы Бостондағы АҚШ жағалау күзеті қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото BBC сайтынан алынды

Британдық «Титаник» жолаушылар лайнері 1912 жылы алғашқы сапарында айсбергпен соқтығысқаннан кейін 15 сәуірде суға батып кеткені белгілі. Кемеде 2000-нан астам адам болған, олардың көпшілігі қайтыс болды. Джеймс Кэмеронның «Титаник» фильміндегі алып лайнердің ғажайып көріністерін мына видеодан көруге болады:

Осы алып Титаник қазір 3800 метр тереңдікте мұхит түбінде жатыр. Сол Титаникті көруге батискафпен мұхит түбіне түскен туристер арасында 58 жастағы британдық миллиардер Хэмиш Хардинг бар екені белгілі болды. 

Action Group негізін қалаған британдық миллиардер Хэмиш Хардинг бизнес-авиациямен айналысады. 2022 жылы турист ретінде ғарышқа да ұшқан. Бұған дейін Хардингтің әлеуметтік желілерде Титаникке батискафпен сүңгуге қатысатыны туралы айтылған болатын. 

Фото OceanGate сайтынан алынды

Sky News хабарлағандай, кемеде миллиардерден басқа француз сүңгуірі қайықтардың ұшқышы Поль-Анри Нарголе мен OceanGate Expeditions экскурсиялық компаниясының негізін қалаушы Стоктон Раш та болған.

OceanGate туристік фирмасы ұйымдастыратын Титаникті көру құны 250 000 доллар. Төменгі суретте жоғалып кеткен батискафтың мұхитқа сүңгіген ауданы көрсетілген.

Фото BBC сайтынан алынды

Британдық отставкадағы контр-адмирал Крис Парри батискаф Титаниктің қирандыларының арасында қысылып қалуы мүмкін деп санайды. Ол батискафтағы оттегі қорының аз екенін де айтқан. Мамандардың пікірінше, батискафтың жоғалу себебін мұхит бетіндегі кемемен байланысын жоғалуынан болған.

Дегенмен, Атлант мұхитында жоғалған батискафтағы туристердің бірі Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырған. Дайвер Рори Голден өзінің және барлық экипаж мүшелерінің жағдайлары жақсы екенін хабарлаған.

Өздерінің аты-жөндерін жарияламауды және бұл тақырыпты жарнама үшін қозғамауды өтінген. Оның айтуынша, олардың жағдайымен іздестіру-құтқару қызметі айналысуда. Голден батискафтан желіге шығу мүмкіндігі шектеулі екенін айтқан және мүмкіндігінше жазбалар жариялауға уәде берген.

Құтқару кемесінің бұрынғы капитаны Шон Тортора журналистерге берген сұхбатында құрылғыдағы оттегінің бітуіне 46 сағат қалғанын айтқан.

OceanGate туристік компаниясының мәліметі бойынша, туристерді тасымалдайтын батискафта бес адам 96 сағатқа дейін бола алады. Біздің есептеулер бойынша оттегі қоры бейсенбі, 22 маусымда Астана уақыты бойынша таңғы сағат 5.00-ге дейін жетуі тиіс. Осы уақытта туристер де құтқарылады деп үміттенеміз.