Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша көлік салығын төлемегендердің саны 10 868 адамға жетті.
Бұл туралы Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Сарманов баспасөз брифингінде мәлім етті.
«Жергілікті салықтар, оның ішінде көлік салығы бойынша жыл басында 6 486 адам 200 млн 647 мың теңге берешек болса, қазір бұл көрсеткіш 10 868 адамға артып, 312 млн 842 мың теңге берешекті құрап отыр. Қазір азаматтар салықты бұрынғыдай банк органдарына келмей-ақ, «е-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» мобильді қосымшалары арқылы төлей алады. Азаматтар осындай мүмкіндік барын біле жүруі керек», - дейді Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Сарманов.
Айтуынша, алдағы уақытта жергілікті полиция өкілдері және сот орындаушыларымен бірлесіп, рейдтік шараларды күшейтетін болады.
«Себебі, басқа салық түрлерімен салыстырғанда көлік салығы едәуір көбейіп отыр. Уақытылы төленбеген жағдайда, көлік салығына сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндіргені үшін қосымша 25% ақы алынады. Төленбеген көлік салығын төлеп үлгеру үшін мемлекет тарапынан 1 жыл 3 ай көлемінде уақыт берілді. Алдағы уақытта осындай фактілер тағы да анықталған жағдайда, оны халыққа ашып көрсететін боламыз», - деді Н.Сарманов.
Баян Жанұзақова