Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімі шықты

Оған лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Бүгін Астанада бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот отырысы өтті, – деп хабарлайды Azattyq Ruhy.   

 

«Көңіл күйім қалай екенін қазір судья айтады. Қазақтар – батыр халық. Бірде-бір адам біреудің айтқанына көніп жаман сөз айтқан жоқ. Күштік құрылымдардан ешкім қорқып қалмады. Бұл жерде ең жақсы адвокаттар отыр. Бірде-бір дәлел жоқ. Маған неге 9 жыл сұрағанын прокурордан сұраңыз. Тегі – Закиров. Мен сіздерге тағы мақтанышпен айтамын. Міне, барлығы отыр. Біреу осындай тапсырма берді деп келіп айтқанын көрдіңіздер ме?», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы сот залында.   

Судья Арыстанбек Мұхамедиұлын кінәлі деп санап, 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ оның лауазымды қызметте болуына өмір бойына тыйым салынды. Оған қоса сот Арыстанбек Мұхамедиұлының барлық медалінен айыру туралы шешім қабылдады.  

Үкімді судья Бағлан Ыдырысов оқыды. 

«Осылайша, Арыстанбек Мұхамедиұлы 28-баптың 3-бөлігі ("Қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам") және ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету") бойынша кінәлі деп танылды», – деді ол.   

Еске салсақ, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясы шығып, Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Экс-министрге «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша айып тағылды.

Бұдан бөлек, Арыстанбек Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз берілуіне қатысты тексеріс жүргізілді.

Істі тергеу кезінде Арыстанбек Мұхемадиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов кек алу мақсатында экс-министрдің үстінен арызданғанын айтып, сотқа куәгер ретінде шақыруды ұсынды. Бірақ прокурор Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, өтінішін қанағаттандырмады.

Сонымен қатар, Арыстанбек Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберу туралы өтініш те қарастырылмады. Судья бұл шешімге келіспеді. 22 мамыр күні іске куәгер ретінде бұрынғы Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова жауап берді. 23 мамырда адвокат Айгерім Әнуарбек Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына қысым көрсетіліп жатқанын мәлім етті. 24 мамырдағы сот отырысында азапталғанын мәлімдеген Арыстанбек Мұхамедиұлы психологтың көмегі керек екенін айтып, талап етті. Соңғы сот отырысында прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруға ұсыныс айтты.

Фото: Halyq Uni