Қарағанды облысы, Абай ауданының Самарка ауылының маңында Нұра өзенінен екі адамның мәйіті табылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
18 маусымда сағат 21:50-де Абай ауданы Самарка ауылының маңында 1986 жылы туған әйел мен 1987 жылы туған ер адам жоғалып кеткені туралы хабар келіп түсті. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылды. Келесі күні сүңгуір құтқарушылар жоғалғандардың денелерін Нұра өзенінен тауып, алып шықты.
«19 маусым сағат 15:25-те ТЖД сүңгуір-құтқарушыларының күшімен Нұра өзенінен жоғалған әйелдің денесі табылды. Екінші жоғалған адамның денесі 20 маусымда сағат 16:05-те іздеу басталған жерден 3,5 шақырым жерде Нұра өзенінен табылды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полиция бұл адамдардың өлімінің мән-жайын анықтап жатыр.
«Бұл факт полицияда тіркелген. Қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалды шешім қабылданады», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
ТЖД қызметкерлері шомылу кезеңінде қайғылы жағдайға жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін тағы да еске салады.
Олар:
- жүзе алмасаңыз, белден жоғары суға түспеңіз;
- балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- мас күйінде шомылмаңыз;
- бейтаныс жерлерде шомылмаңыз;
- жағадан алыс жүзбеңіз;
- түнде шомылмаңыз.