Волонтерлер – қоғамның ажырамас бөлігі

Ерекше еңбегімен көзге түскен белсенді жастар «Шапағат» медалімен марапатталатын болады.

Мейірімділік пен жанашырлықтың символы болған волонтерлер – қоғамның ажырамас бөлігі. Бүгін, міне сондай азаматтар жиналған Халықаралық волонтерлер форумының сессиясына қатыстық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдерден еріктілер мен қонақтар жиналды. Бұл еріктілер үшін біліктілік жинап, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. 

Жиын барысында Президент өз сөзінде волонтерлердің атқарып жатқан табанды жұмыстарын жоғары бағалайтынын, олардың барлық дерлік бастамаларын қолдайтынын айтып өтті. Мәселен, ерекше еңбегімен көзге түскен белсенді жастарды «Шапағат» медалімен марапатталатын болады дейді. Бұл жақсылық істеуге асық жастарға стимул боларына сенімдімін. Қазақстан халқы мен қоғам үшін атқарылатын игі істердің тиісті бағасын тауып, еріктілердің еңбегін ескеру маңызды. 

Қазақ жастары әрдайым көмек қолын созып, жәрдемдесуге асығып тұрады ғой. Бүгінгі күннің батырлары деп өрт сөндіруші, дәрігер немесе басқа да азаматтарды атасақ, жанына міндетті түрде ерікті жастарды қосуымыз керек. 

Осы атаққа лайықты рухты азаматтар біздің ортамызда жүр. Еліміздегі ең ірі жастар ұйымы ретінде еріктілермен тікелей жұмыс жасайтындықтан олардың адал еңбек, нағыз маңдай термен, жүрекпен беріле істейтін істеріне куәмін. Ел басына күн туғанда жұртым деп жұмыла қызмет етуден тайсалмайтын рухты волонтерлер әрдайым алдыңғы қатардан табылуда. Арыс, Мақтаарал, әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы, Қостанайдағы және Абай облысындағы өрт кезінде гуманитарлық көмек жинап, оны халыққа үлестірді. Кей уақыттарда құрылыс жұмыстарына да атсалысты. Бұл атап өткендерім волонтерлер жасап жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Одан бөлек қарттарға көмек, балалармен уақытты тиімді өткізу, экологиялық бағыттағы түрлі жобаларды атқарады. 

Біз де тиісінше еріктілермен кері байланыс орнатып, еңбегін бағалауға тырысамыз. Жыл сайын өтетін «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастыратын «Рухтастар» жастар сыйлығында түрлі бағыттар бойынша номинация мен жүлделер тағайындап, марапаттауды қолға алдық. Тұрақты түрде өтетін жастар сыйлығының, халықаралық форумдар мен шаралардың артарына сенімдіміз.

Негізі партияны дамытудың келесі кезеңі - оның жастар қанатын жаңғырту. Біз жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналғымыз келеді. Барлық өңірден келіп түскен ұсыныстар негізінде қайта жандандыру бағдарламасы әзірленді. Сондай-ақ ұйымның Орталық кеңесінің құрамы қайта қаралып, «AMANAT» партиясының Төрағасы жастар қанатының алдына бірқатар міндет қойылды.

Атап айтқанда, жастар мәселелерінің аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, NEET санатындағы жастардың проблемаларын шешу жөніндегі жұмысты күшейту, «Бір толқында» пікірталас алаңын және ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша агенттік құру да қарастырылды.

 

Нұржан Жетпісбаев, «Жастар рухы» Жастар қанаты төрағасы