Бұл туралы аймақта атқарылған шаруалардың есебін беріп, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне тоқталған Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мәлімдеді. Облыс әкімінің айтуынша, әкімдікте Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
Облыстың жыл басынан бергі бес айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын тілге тиек еткен өңір басшысы баяндамасын әуелі макроэкономикалық көрсеткіштерден бастады. Былтыр жалпы өңірлік өнім 14,1 триллион теңгені, ал республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыс экономикасының үлесі 13,7 пайызды құрап отыр. Сонымен бірге өнеркәсіпті дамытудағы атқарылған шаруалардың нәтижесі байқалады. Мәселен, елдегі ең алғашқы ірі инвестициялық жобалар Атырау облысында жүзеге асырылыпты.
Былтыр қаңтар-мамыр айларында өңірдегі өнеркәсiп өнiмiнің көлемi былтырмен салыстырғанда 5,8 пайызға өсіп, 4,6 триллион теңгені құрапты. Оның ішінде 4,3 триллион теңге тау-кен өнеркәсiбiне тиесілі. Ал өңдеу өнеркәсібі 290,5 миллиард теңгеге дейін өскен. Сондай-ақ соңғы бес айдың өзінде ғана 22,4 миллион тонна мұнай, 11,5 миллиард текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілген екен. Бұл дегеніңіз, республика бойынша барлық өнеркәсіптің 24,5 пайызы Атырау облысына тиесілі екенін көрсетіп отыр.
Бұдан кейін инвестициялық жобалар туралы жеткізген аймақ басшысы:
«Атырау өңірі инвестиция көздерін тарту жағынан республика бойынша бірінші орында тұр. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,7 пайызға артып, 1,1 триллион теңгені құрады. Оның ішінде сыртқы инвестиция 474,3 миллиард, ал ішкі инвестиция 665,2 миллиард теңгеге жетті. Жалпы, елімізге тартылған жалпы инвестицияның 22,5 пайызы Атырау аймағының үлесіне тиіп отыр. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бойынша биыл бюджеттен 9,4 миллиард теңге қаражат бөлініп, қазір несие сомасы 20,9 миллиард теңге болатын 208 жоба қолдау тапты», – деді Серік Жамбылұлы.
Биыл бірыңғай индустрияландыру картасы аясында тағы да үш жобаны іске қосу жоспарланыпты. Осылайша, облыста бас-аяғы 207 жұмыс орны ашылмақ. Одан бөлек, бизнеске қолайлы орта қалыптастырылып, ынталандыру шаралары да жүйелі қолға алынуда.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі өндіріс орындарын бір жерге шоғырландыру көзделген. Ол үшін Атырау қаласында шағын өнеркәсіптік аймақ құру жоспарға енген. Мұндай тәжірибе өңірдегі өңдеу өнеркәсібін, оның ішінде мұнай-химия саласын дамытып, орта бизнестің инвестициялық жобаларын іске асыруға септігін тигізе алады. Қазір Атырау қаласы аумағынан 22 гектарды құрайтын өндірістік жер телімі бөлініп, шағын аймаққа орналастырылатын жобаларды айқындау бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған.
Өңірдің инвестициялық әлеуеті өте зор. Сондықтан облыс әкімдігі инвесторларды тарту жұмыстарын одан әрі жалғастыруды көздеп отыр. Өйткені әрбір тартылған инвестиция мен іске асырылған жобаның артында жаңа жұмыс орындары тұр. Бұл алдағы уақытта аймақтағы жұмыссыз халықтың азаюына мүмкіндік береді.
Атырау өңірінің климаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайсыз. Дегенмен бұл саланы одан әрі өркендету үшін өңірде бірқатар жүйелі шара қабылданыпты. Нәтижесінде, биыл жылыжайлар көлемі 30, ал су үнемдеу технологиялар алқабы 4,8 мың гектарға дейін ұлғайған. Мал азығын дайындау көлемін арттыру да облыстың алға қойған мақсаты. Ол үшін облыс әкімдігі былтыр мал азығына берілетін субсидия көлемін өсірген.
«Балық өңдеу және одан дайын өнім шығару – Атырау экономикасында маңызды рөл атқаратын сала. Жергілікті кәсіпорындар 200 тоннадай балық өсірді. Қазір облыста балықты өсіруге және оны өңдеуге ден қойып отырмыз. 2025 жылға дейін қолдан өсірілетін балықтың көлемі 7 мың тоннаға дейін жетеді деп жоспарлап отырмыз. Ал терең өңделетін балық көлемі 8 мың тоннаға дейін жетеді деген болжам бар», – деді Серік Шәпкенов.
Өңірдің маңызды мәселелерінің бірі – инфрақұрылымды жаңғырту және олардың қуатын арттыру. Бүгінде Атырау облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін инженерлік-инфрақұрылым жүйелі дамып келеді. Облыстағы 2 қала және 132 ауылдық елді мекен таза ауызсумен қамтылса, 2 қала және 135 ауыл газға қосылған.
Аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға да барынша ден қойылған. Биыл облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға 55,2 миллиард теңге бөлініп, 41 елді мекенде 172 шақырым автомобиль жолын жөндеу жоспарланып отыр. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету де аймақтағы аса маңызды әлеуметтік міндеттің біріне жатады. Осылай деген облыс әкімі өңірдегі 29 437 тұрғын үйге мұқтаж адамның қажетін өтеу үшін көпқабатты тұрғын үй құрылысына көңіл бөлінгенін жеткізді. Бұдан бөлек, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің қосымша тетіктері қолданылып жатыр.
Өңір басшысы білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет саласында да серпін берер кешенді шаралар көп екенін атап өтті. Сондай-ақ өңір басшысы экология мәселесі де өзекті болып отырғанын жасырмады.
«Атырау қаласы үшін экология мәселесі өте өзекті. Негізгі ластаушы көздері – «Тухлая балка» булану алаңы, «Квадрат» булану алаңы, тұрмыстық қалдықтар полигоны, Атырау мұнай өңдеу зауыты. Сондықтан біз экологиялық ахуалды жақсартып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану үшін жүйелі шараларды қабылдадық», – деді. Бұл орайда өңірдің экологиясына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ауа ластануының алдын алу шаралары қабылданып келеді.
Мәселен, келер жылы Атырау қаласында Ботаникалық саябақтың құрылысы басталады. Жасыл желек аймақтың ажары ғана емес, ауаның ластануын алдын алады. Әкімдіктің жоспары тиімді жүзеге асса, әлеуеті артқан мұнайлы өңір халқының тұрмысы түзелмек.
Жадыра Мүсілім