Әкімдікке қарасты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алды деген күдікке ілінді.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook-та жазды.
«Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қаланың Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Ол мегаполистегі әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау кезінде бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін кәсіпкерден 13 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдік бар. Соттың санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жазды.
Бұған дейін Шымкентте автобус бес адамды басып кеткені туралы жазған болатынбыз.
Фото: kaz.orda.kz