Атыраулық ерлі-зайыпты полицейлер бақытты болудың құпиясын айтты

Екі жұптың шаңырақ көтеріп, бақытты жұп атануына тіпті, арақашықтық та кедергі болмаған.

Азат Хисметов пен Қымбат Үйсенова бір-бірін алғаш рет оқуда жүріп кездестірген. Ішкі істер министрлігіне қарасты Малкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында оқыған жастар сол кезде-ақ, өмірге деген көзқарасы ортақ екеніне көз жеткізген. 

Бірақ, оқу бітіргеннен кейін жастар біраз уақыт екі қалада қызмет еткен. 

«Оқуды аяқтағаннан кейін Азат Орал қаласына кетті. Орал қаласы Полиция басқармасының Патрульдік полиция батальонында еңбек жолын бастады. Мен Атырау қаласындағы Полиция басқармасында Патрульдік полиция батальонының инспектор-психологы болып жұмыс істеп жүрдім. Полицияның жұмысында уақытпен санасу деген түсінік жоқ. Ерте кетіп, үйге кеш келіп жатамыз. Кейде полицейлердің үйге түнеуге мүмкіндік болмайды. Өйткені, жұмыс қауырт. Осындай қайнаған жұмыстың ортасында жүрсе де, Азат маған көңіл аударудан жалыққан емес. Туған күнім болсын, мереке болсын, үнемі Оралдан маған  тосын сыйлықтар жіберіп отыратын. Кейде тіпті, сонау Оралдан Атырауға келіп, құттықтап кететін. Осылайша, арақашықтықпен сыналған сезіміміз уақыт өте келе беки түсті», – дейді полиция аға лейтенанты Қымбат Үйсенова.

Бүгінде полицей жұптың шаңырақ көтеріп, отбасын құрғанына бір жыл толып отыр. Қазіргі уақытта отбасылық жұп Атырау облысы Полиция департаментінде абыроймен қызмет етіп жатыр.

Ерекше атап өтерлігі, Қымбат Үйсенова полицейлер әулетінде тәлім алып өскен. Әкесі Темір құқық қорғау саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Анасы Ұлболсын зейнет жасына дейін Ұлттық ұлан әскери бөлімінде қызмет атқарған.

Азат Хисметовтің басқаны емес, полиция саласын таңдауына бала кезден туындаған қызығушылығы себеп болған.  

Шаңырағы биік, босағасы берік Азат пен Қымбат таң атса қызметке, кеш батса үйіне асығады. Әрдайым отбасы құндылығын бірінші орынға қоятын қос полицей жауапкершілігі мол қызметте жоғары жетістікке жететініне сенімді.

«Азат екеуміз танысқалы талай қызық пен шыжыққа куә болып келеміз. Оны  жанашырым әрі қамқоршым ретінде ерекше бағалаймын», – дейді Қымбат.

Бір қызығы, ерекше жұптың екеуі де өздерін дамытуға құштар. Азат бос уақытында қазақша күреспен айналысады. Қымбат  түрлі курстарға қатысып,  білімін жетілдіріп жүр.

«Әр отбасында екі жұптың бір-біріне деген сенімі мен қолдауы қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалық берік болады. Себебі, тәрбие де, береке де отбасыдан басталады», – дейді Хисметовтер отбасының түтінін түтетіп отырған полиция аға лейтенанты Қымбат Үйсенова. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА