АҚШ-тың жағалау күзеті мұхит түбіндегі «Титаникті» тамашалауға шыққан туристер қаза тапты деп мәлімдеді. «Титан» сүңгуірі тиесілі компания мерт болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Aikyn.kz «Хабар24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Іздестіру тобы Атлант мұхитында 18 маусымда жоғалып кеткен «Титанның» кейбір бөлшектерін тауып алды. Борттағы туристер тірі қалған жағдайда 96 сағатқа жететін оттегі бар еді. Кеше, яғни бейсенбіде ол таусылды. Кеше жағалау күзеті су астында белгісіз дүмпу болғанын тіркеген. Қазір оның анық-қанығы тексеріліп жатыр. АҚШ, Канада, Францияның құтқарушылары өткен жексенбіде жоғалып кеткен «Титанды» 30 мың шаршы шақырым аумақта іздеді.
Бір адамға 250 мың доллар тұратын туристік сапар осылайша, қайғылы аяқталды. Сүңгуір бортында британдық миллиардер, 19 жастағы ұлымен бірге пәкістандық кәсіпкер, француз зерттеуші және OceanGate-тің негізін қалаушы болған.
Теңіз технологиясы сүңгуір көліктер комитетінің төрағасы Уилл Конен: «Қараңыз, Сіз 5 жастағы балаға шарды тес дейсіз, ол секундқа жетпей жарылады. Мұхиттың астында да осыған ұқсас жағдай болды. Бір секундта жоқ болды. Дәл сондай жарылыс, бірақ қатты қысыммен ішіне қарай жарылды. Мүмкін, 4 күн бойы қиналғанша осылай болғаны дұрыс та шығар. Менің ойымша, ешкім не болғанын түсінбей де қалды», – дейді.
Айта кетейік, бұған дейін Атлант мұхитының түбіне түскен туристер жоғалып кеткенін хабарлаған болатынбыз.