Алматыда БАҚ өкілдері арасында өмірден ерте өткен белгілі журналист Мақсат Сләмбековті еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті.
Олар: Almaty TV, QAZAQSTAN ұлттық телеарнасы, Халық арна, 365info, Қазақ радиосы, 31 арна, Jastar медиа порталы, EML, Maksat және Сәнік футбол командасы.
Тартысты өткен жарыс нәтижесінде аталған ондықтың ішінен үш команда жеңіс тұғырынан көрінді.
Атап айтқанда, 365info командасы жарыс жеңімпазы деп танылса, Сәнік командасы ІІ орынға ие болып, Maksat футбол командасы ІІІ орыннан көрінді.
Марқұм Мақсат Сләмбеков Almaty телеарнасында қызмет еткен жылдарында футбол ойнап, «Үздік қақпашы» номинациясында жиі жеңімпаз атанған. Сондықтан бүгінгі жарыстағы номинацияның ішіндегі ең атаулысы «Алтын қолғап» болды. Қазылар алқасының шешімімен турнирдің «Алтын қолғап» үздік қақпашы – Семён Бакаев атанды.
Телеарнаның дамуына елеулі үлес қосып, көрермен көңілінен ерекше орын алған әріптесті еске алу іс-шарасына Мақсат Сләмбековтің анасы Үмітжан Сләмбекова, әйелі Асия Агнюиевна және балалары қатысты. Жарыс соңынан марқұмның рухына бағыштап Құран оқылып, ас берілді.
Іс-шараны ұйымдастыруға шаһардағы Бостандық ауданы әкімдігі және Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Манатұлы атсалысты.
Айта кетейік, бар ғұмырын телевизия саласына арнаған танымал журналист Мақсат Сләмбековтің өмірден озғанына биыл 5 жылдың жүзі болды. Еңбек жолын Almaty телеарнасынан бастады. Он жылдан аса еңбек етіп, «Тарих таразысы», «Қыл көпір», «Жекпе-жек», «Емшілер», «Кәсіп көзі» секілді бағдарламаларды көрермен назарына ұсынып, телеарнада редактор, продюсер, менеджер қызметтерін атқарды. 2017 жылдан бастап «Халық арна» телеарнасында жарнама бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
Ол 1976 жылы 1 қаңтарда Абай облысы Құндызды ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп спортпен шұғылданып, 1988 жылы жасөспірімдер арасында самбодан спорт шебері дәрежесін алған. Домбыра үйірмесіне қатысып, мектеп оркестрінде өнер көрсеткен. Мектепті бітіргеннен кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология факультетіне оқуға түсіп, 1997 жылы жоғары оқу орнын тәмамдайды. 2018 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.
Нұрболат Адырбек, Алматы