«Құтадғу біліктегі» жастар кадр резерві
«Құтадғу біліктегі» жастар кадр резерві
168
оқылды
Өткен жылы Президенттік жастар кадр резервіне құжат қа­был­дау басталғанда мені мына үш сұрақ толғандырған бола­тын. Бірінші, бұл идея қайдан шықты? Екінші, мемлекет қызмет­ке­рін ха­лыққа жаппай сұрау салу арқылы таңдау мүмкін бе? Үшінші, неге жастар?  

10 ғасыр бұрын жазылған идея

Кейде жаңадан бір нәрсе ойлап тапқаннан гөрі тарихи жадыны жаң­ғырт­қан әлдеқайда құнды. Бәлкім, рухани жаңғыру деген осы шығар? Қызық, мына тарихи сабақтас­тық­ты қараңыз. Жоғарыдағы идея­ны осыдан он ғасыр бұрын Жүсіп Ба­ласағұн өзінің «Құтадғу білік» атты еңбегінде жазыпты. Иә, кә­дуі­лгі көне Тараздың маңын­да­ғы бір ауылда туып, сонда өсіп, хан­­ның ке­ңесшісі дәрежесіне дейін кө­те­ріл­ген Жүсіп ақын. Ол мем­ле­кет бас­қарудың қыр-сырын, кадр жа­сақ­тау­дың озық үлгісін, ең ма­ңыз­ды­сы, демократиялық бас­қа­рудың моделін жазды! Жазып қана қойған жоқ, Қара­хан қағанының бас кеңесшісі бола жүріп, ойларын өз қолымен жүзеге асыр­­ды. Баға жетпес еңбегін сол кез­дің өзінде әлем билеушілері оқы­­ған. Мұндай мазмұндағы еңбек Жүсіп­тен 20 жыл кейін Селжұқ мем­лекетінде пайда болды. Демек, баба­ла­рымыздың мемлекет құруы былай тұрсын, оны басқару жүйесінің өзі мыңжылдықтарға жететін мұра. Осы тұста кадр мәселесі «Құтадғу білікте» қалай көрініс тапты деген заңды сұрақ туады. Шығармада Қарахан билеушісі Бұғра қағанның прототипі «Күнтуды Еліг» деп беріліп, ол жан-жақты су­рет­теледі. Сонда қағанның өзіне кө­мекші, қызметкер іздеген сәті бы­лай көрініс табады: «Мемлекеттің барлық ісін бір өзім атқара алмаймын, жаныма істің ре­тін білетін таңдаулы, ақылды, бі­лім­ді, озық ойлы, елге жаны аши­тын, әділ, шыншыл, мінезі дұрыс және сөзі мен көңілі түзу ерлер ке­рек» (422-424 бәйіттер). Мұндай ой шығармада Күнтуды қаған мен Бас уәзірі Өгдүлміштің мемлекетті одан әрі жақсарту және ел басқаруды жетілдіру туралы сұх­баттасып отырған сәтінде жиі айтылады. Сол кезде Бас уәзірге ел ішінен мемлекетке жаны аши­тын, қағанға адал қызмет ететін бі­­лім­ді, парасатты қызметкерлер табу тапсырылады. Бұл бір қара­ған­да қалыпты жағдай секілді көрін­гені­мен, астарында үлкен мән жатыр. Яғни, тарихи тәжірибеге сүйен­сек, мемлекет тұтастығын сақтау – қыз­меткерлерді ел ішінен дұрыс таң­дауға тікелей байланысты. Міне, сол дәстүрдің жалғасы іспеттес бүгінгі «Президенттік жастар кадр резервіне» 13 мыңнан астам жас өті­ніш тапсырып, соның 300-і іріктеу­ден өтіп отыр.  

Неге жастар?

«Құтадғу білікте» бас уәзір қаған­ның тапсырмасы бойынша Одғұр­мыш есімді жігітті мемлекеттік қыз­­­мет­ке шақырады. Сонда екеуара сұх­бат барысында жастарға қатысты мәсе­ле көтеріледі: Екі түрлі қызметкер бар. Олар­дың бірі – жас кезінен қызметке кір­ген­дер, тағы бірі – есейгенде қызмет қы­лып жүргендер. Екеуінің ішіндегі жақ­сырағы және таңдаулысы – жас кезінен қызмет қылған әрі ман­сап­қа мастанбағандар (4031-4033 бәйіт­тер). Мұнда Жүсіп Баласағұн айтар ойын екі кейіпкердің сұхбаты ар­­қылы жеткізіп отыр. Яғни, ел бас­қа­ру ісіне жастай араласуды құп көреді. Оған жалпы қызметкерлердің ішін­де­гі «жақсырағы және таңдаулысы» деп ерекше екпін беріп айтады. Басқа бәйіттерде жас маман қызметті әуелі төменнен бастасын дейді. Содан кейін ақылы толысып, білімі жетіліп, қабілеті артып, тұлға ретінде қалып­та­сып, өзінің мықтылығын, адал­ды­ғын, әділдігін дәлелдеп жатса, ары қа­рай лауазымын жоғарылатуды ұсы­нады. «Қызметті кіші дәрежелі лауа­зым­­нан бастасын. Одан соң бек оның қабілетіне қарай қызмет тап­­сырады. Егер қызметші зерек, таби­­ғаты дұрыс адам болса, ол арыз-өтінішті Елігке жеткізуші қыз­метіне жарайды. Мерген және батыр болса, оқшы немесе садақшы болады. Турашыл болса, мөр басушы болады. Мінезі түзу, ұяты бар, жүзі көрікті бол­са, ыдыс тасушы қылады. Оқу-жазу мен есепке жүйрік болса, қа­зы­нашы болады. Парасатты, түсі­­нігі мол, ақылды болса, хатшы бола­ды (4044-4048 бәйіттер). Бәйіт­тің жалғасында әрбір жас­тың білім-парасаты мен үздік тәжі­рибесіне қарай қарапайым қыз­мет­керліктен бас уәзір дәрежесіне дейін, яғни қағаннан кейінгі ла­уа­зым­ға көтерілуге болатынын ай­та­ды. Мұндай лауазымға Жүсіп Бала­сағұн­ның өзі жетіп, заманында Хас Хажыб атанған еді. Іріктеуден өткен 300 жас маман­ды таңдауда қандай критерийлерге ба­сым­дық бергені маңызды. Ал шы­­­ғармада Жүсіп Баласағұн қойған та­лап­тарға тоқталсақ.  

Жүсіптің талабы

«Құтадғу білікте» биліктегі қара­па­йым маманнан бастап жоғары дәре­жеге дейінгі бас-аяғы 30-дай мем­лекеттік лауазым туралы сөз бо­лады. Сонда мемлекет қызмет­ке­ріне ортақ талаптар да бар және әр лауазымның ерекшелігін ескереді. Ол талаптардың дені әлі күнге өзекті. Мәселен, жалпыға ортақ үш талап: 1) тегі мен тәрбиесі, 2) ақыл-білімі 3) сырт келбеті. Енді осы талаптарды әрі қарай тарқатып көрсек. 1) Жүсіп мемлекет қызметкерінің тегі мен тәрбиесіне бірінші мән бере­ді. Тегіне мән беруінің себебі, Қа­рахан мемлекетінде әртүрлі ха­лық­тың, яғни кірме тайпалардың да қатар өмір сүргені болса керек. Мысалы, солардың бірі – соғдылар. Оларды мемлекеттің маңызды, ең жауапты қызметіне алмаған. Жүсіп­пен замандас Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде де өзге халықтан сіңген тайпаларға билік тізгіні берілмегені туралы деректер жетерлік. Жүсіп Баласағұн мемлекет қыз­ме­тіне отбасында тәрбие көрген, мі­нез-құлқы жақсы, сыпайы, сұға­нақ­тығы мен өтірік сөзі жоқ, әділ, шын­шыл, әдепті, ізгі адамдарды таң­дау­ды ерекше тапсырады. Өйткені «Ізгі адамнан әрқашан ізгілік келеді. Әлем халқы одан тек жақсылық кө­реді (878-бәйіт)» дейді. Ал дө­ре­кі, тәрбие көрмеген, өтірікші, зұ­лым адам­дар мемлекеттің іргесін ыды­ра­тады. Сол себепті де «Залым және жаман кісілерді жоғарылатпа, елде оның беделін өсірме, соңында сені зар қақсатады (5521-бәйіт)» деп ескертеді. Сондай-ақ сатқындық, нәп­сіқұмарлық, жемқорлық та со­лар­дан келеді дейді. 2) Жүсіптің айтуынша, мемелекет ісін жүргізген адам күніне мың түрлі қиындыққа тап болады. Олардың бәрін шешу үшін ақыл, білім және қабілеттің орны ерекше. Мемлекет қызметкері кез келген жағдайдың алдын алып, мәселені әріден ойлауы керек. Ақылды адам мемлекеттің құпиясын жаймайды, елін сатпайды, халық пен биліктің арасына дәнекер болады дейді. Әсіресе, халықпен тіл табысу үшін тілге шешен, халықты риза қылатындай сөзі жылы болуын міндеттейді. 3) «Құтадғу білікте» мемлекет қыз­­мет­керінің сырт келбеті де ма­ңыз­­ды саналған. Мәселен, қыз­мет­кер өте ірі немесе өте майда емес, орта бойлы болсын дейді. Нәзік емес, қуатты, айбарлы, сондай-ақ көр­ген көз сүйінетіндей келбетті бо­луы тиіс. Жіңішке, қыз дауысты емес, дауысы жарқын шығатын, сөзі анық естілетіндей болсын деп талап қояды. Осыдан 950 жыл бұрын жазылса да, «Құтадғу біліктегі» мемлекет қыз­меткеріне қойылған бұл талаптар әлі де өзекті. Демек, адами ізгі қа­сиет­­тер­дің бағасы қай заманда да жоғал­мақ емес. Іріктеуден өткен 300 жас та осы үдеден шығады деген үміттеміз. Бекарыс НҰРИМАН, PhD докторы