Бүгінде елімізде 1,4 млн адам тұрып жатқан 27 моноқала бар (ел тұрғындарының 7%-ы). Онда 32 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді. «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында осы моноқалалардың әлеуеті мен болашағы туралы айтылды.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев барлық моноқаладағы коммуналдық инфрақұрылымның тозығы жетіп тұрғанын атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жөндеу және жаңғырту жұмысына мемлекет қаржы бөлсе, жергілікті биліктің міндеті – бұл іске кәсіпкерлерді тарту.
«Жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенімен, қаражат бөлінбей қалған жағдайлар бар. Немесе, керісінше, жөндеу немесе жаңғырту жұмысы қажет болғанымен, ЖСҚ әзірленбеген болып шығады. Мұндай маңызды мәселелер Екібастұз және Риддер қалаларындағы секілді шұғыл түрде емес, жүйелі негізде шешілуі тиіс деп санаймын. Жуырда Арқалық қаласында болдық. Ондағы әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары Амангелді және Жангелді аудандарымен біріктірілген. Бұған бас-аяғы 504 млрд теңге қарастырылса, оның тек 80 млрд теңгесі ғана республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бұл қаражат инфрақұрылымды дамытуға, жол жөндеуге, жылу, су жүргізу жұмысына көзделуде. Ал қалған 424 млрд теңге – жеке инвестиция. Оны өңір басшылары тартуы тиіс. Яғни, біз депутат ретінде бюджеттен қаражат бөлуге атсалысамыз. Ал инвестиция тарту – моноқалалардағы әкімдердің тиімді қызметінің көрсеткіші болмақ», – деді ол.
Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру және экономиканың шикізаттық емес секторларында баламалы өндірістер құру үшін жалпы сомасы 2,1 трлн теңгені құрайтын ауқымды 86 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы партиялықтарға ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндады. Сондай-ақ ол моноқалалардағы халық санына да жеке тоқталды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин моноқалаларда тұрғын үй кезегінде 54 мың отбасы тұрғанын айтты.
«Жыл соңына дейін 27 моноқалада 522,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде 143 мың шаршы метр тұрғын үй салынып қойды. Моноқалаларда жалға берілетін тұрғын үйге 8,4 млрд теңге бағытталды. Бұл қадам 880 отбасының баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Екібастұз, Арқалық, Рудный, Степногор, Балқаш, Теміртау, Лисаков, Кентау, Жезқазған секілді моноқалалардағы жылу жүйесін жаңғыртуға 25 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 31 шақырымға жуық желіні жаңғырту жоспарлануда», – деді ол.
Елдегі жалпы өнеркәсіп өндірісінің 30 пайызы моноқалаларда орналасқан. Солай бола тұра, мұндай қалалар өңірдегі білім мен денсаулық сақтау орталығы ретінде халықты тартуы тиіс. Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «АМАNАТ» фракциясының мүшесі Альберт Рау осылай дейді. Ол моноқаладағы әкімдіктер тек республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатқа сенім артып отыра бермеуі керек екенін алға тартты.
«Әкімдердің дамуына мүмкіндік беру, олардың құқықтарын, өкілеттіктерін және салық базасын кеңейту қажет екенін бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығының кем дегенде 50%-ы аудандар мен қалалардың жергілікті бюджетінде қалуына қол жеткіздік. Енді соны 100% қалдыру жөнінде түзету енгіздім. Қала әкімдігі ғимарат салынып, алғашқы екі жыл тегін жалға берілуіне жағдай жасауы керек. Сонда шағын және орта бизнестің Арқалық немесе Жітіқара сияқты қалаларға баруға деген ынтасы пайда болады. Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, өтінім жолдаумен жұмыс бітпейді. Моноқалалар масыл емес, экономиканы алға сүйрейтін күш болу керек», – деді ол.
Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская коммерциялық сектордан түсетін қаражатқа үміт артпас бұрын инвесторларға жағдай жасап, қызығушылық таныту керек екенін атап өтті. Алайда кәсіпкерлер де моноқалалардағы тұрғындар алдында жауапкершілік арқалай алуы тиіс.
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілік нормалары қаншалықты орындалып жатқанына талдау жүргізу қажет. Мәселен, Рудныйдағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі өз міндеттемесін дұрыс орындап отыр. Ал Степногор қаласындағы бір кәсіпорында болғанымызда, тіпті аумағын ретке келтірмегенін, адамдар ауыр жағдайда жұмыс істейтінін байқадық. Қала құрушы кәсіпорындар мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқанына, бизнестің әлеуметтік салаға бөлетін қаражаты қайда бағытталып отырғанына тексеру жүргізуді ұсынамын», – деді ол.
Сондай-ақ жиын барысында «АМАNАТ» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев кеңестің бұрынғы құрамының мүшелеріне белсенді және жемісті жұмысы үшін алғысхат табыс етті. Ол былтыр өңірлерді дамыту жөніндегі барлық деңгейдегі кеңес мүшелері 90-нан астам өзекті мәселені қарағанын, мемлекеттік органдарға 584 ұсыныс әзірлегенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша, кеңес мемлекеттік органдарға, атап айтқанда, тұрғын үй және жол құрылысы жоспарларына өзгеріс енгізу, Мемлекеттік басқару академиясы базасында әкімдер үшін оқыту семинарларын өткізу туралы бірқатар ұсыныс қабылдады. Жергілікті атқарушы органдарға ескерілмеген мәселелер бойынша кешенді даму жоспарларын түзету ұсынылды.