Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының бұрынғы орынбасары Ермек Қарамырзаевты (қазіргі таңда «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директорының орынбасары) ұстады.
Ведомство мәліметінше, ол «КЕЗБИ» ЖШС-ның және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланған деп күдіктеліп отыр.
«Қарамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған. Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол «КЕЗБИ» ЖШС-ны компаниясы үшін ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша көрінеу қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті.
Өзінің заңсыз әрекеттерімен ол «КЕЗБИ» ЖШС-ның заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді және мыңнан астам қызметкердің құқықтарын бұзды, сондай-ақ мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырды», – делінген агенттік хабарламасында.
ҚР ҚПК-нің 201-бабы негізінде өзге ақпарат жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Фото: "Қаражанбасмұнай" АҚ баспасөз қызметі