Зейнетақы «жыры» қайта басталды

Қазақстанда 1 шілдеде ел тари­хында алғаш рет қабыл­данған Әлеу­меттік кодекс күшіне енеді.

Оның аясында зейнетақы жүйесінің тиім­ділігін арттыруға және зей­нетақы төлемдерінің мөл­шерін ұлғайтуға бағытталған шара қарастырылған. Әйт­кенмен, олардың басым көп­шілігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қара­жатты көбейтуді көз­дейді. Себебі бұған дейін зейнетақы жарналарын аударудан бо­сатылып келген санаттар да бұдан былай соны төлеуге міндеттелді.

БЖЗҚ салымшыларының жеке есеп­шоттарында 2023 жылғы 1 ма­мырдағы жағдай бойынша 15,68 триллион теңгеден астам қаржы жиналған. Бұл сома жыл сайын 2 трил­лионға артып отырады. Қордың толығу қарқыны өсе түседі.

Өйткені Әлеуметтік кодекс қорға жар­на төлейтін жаңа мүм­кіндіктер ашылды. Атап айтқанда, БЖЗҚ хабарлауынша, алдағы сенбіден бастап, бірнеше санаттағы азаматтар жарна аудара бастауға міндет­теледі. Олардың арасында, біріншіден, агент емес жеке тұлға­ларға жалданып, олармен жұмыс­тарды орындау, қызмет көрсету жөнінде азаматтық-құқықтық си­паттағы (АҚС) шарт бекітіп, табыс табатын жеке тұлғалар бар.

Екіншіден, бұл қатарға Қа­зақстан аумағында тұрақты тұратын және Қазақ­стандағы халықаралық ұйымдардың өкіл­діктерінде, елде аккредиттелген шетелдік мемле­кеттердің дипломатиялық өкілдік­тері мен консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар кірді. Әйтпесе, биылғы шілдеге дейін бұл адамдар БЖЗҚ-ға міндетті зей­нетақы жарнасын төлеуден боса­тылған-тын.

Үшіншіден, Әлеуметтік кодекс келесі 2024 жылдан бастап, бірың­ғай жиынтық төлемді (БЖТ) жоя­ды. Яғни, БЖТ-мен жұмыс істеп келген өзін-өзі жұмыспен қам­тушылар жеке кәсіпкер ретінде тір­келіп, қорға өзі үшін жарна аударуға мәж­бүр болмақ. Бұған дейін ол жарна шағын ғана мөл­шерде БЖТ құрамына қосылып келген еді.
Төртіншіден, 2024 жылғы 1 қаң­тардан бастап, барлық жұмыс беруші өз есебінен бүкіл жұмыскері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын төлеуі тиіс болады. Жарна мөлшері қыз­меткердің ай сайынғы табысына байланысты және жыл сайын өсіп отырады.


Қаптаған шектеу халықты қажытпай ма?

Қазақстандықтар осынша қаражаттың қызығы мен игілігін көп көре алмайтын түрі бар. Себебі жаңа Парламент қабылдаған Әлеуметтік кодекс ол қаржыны пайдалануға көптеген шектеу енгізді. Ол шектеулердің мәнісін БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында «БЖЗҚ» АҚ-ның Заң департаментінің ди­рек­торы Назым Бақтыбаев түсіндіріп берді. Назым Абдухалимұлының айтуынша, Әлеуметтік кодекстің аясында зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер салымшы­лар­дың инвестициялық мүмкін­дік­терін кеңейтуге, жерлеуге төленетін төлемді ұлғайтуға, жұмыс беру­шінің міндетті зейнетақы жарна­ларын жаппай енгізуге және БЖЗҚ комиссиялық сыйақысын төмен­детуге бағытталған.

Шектеулері қандай? Бірінші шектеу – қазақстандықтар жұмыс берушісі аударған зейнетақы жар­насын не баспана сатып алуға, не емделуге жұмсай алмайды. Прези­дент бастамасымен қордағы жет­кіліктілік шегінен асқан зейнетақы жина­ғын азаматтарға өзінің, жұ­байының немесе жақын туыстары­ның пайдасына емделу және тұр­ғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында жұмсауға мүмкіндік берілген еді. Осының арқасында
1 миллионға жуық адам артылған жинағын біржолғы зей­нетақы төлемдері (БЗТ) түрінде алып, пайдасына жаратқан.

Алайда былтырғы сәуірден бастап олар­дың қатары кеміді. Себебі елде жет­кіліктілік шегі екі еседен астамға өсті де, көптеген адамның артылып тұрған жинағы тосыннан жаңа шекке де жетпей қалды. Сондықтан халық 2024 жыл­дан бастап, БЖЗҚ-дағы жи­нақтары жұмыс берушісінің жар­насы есебінен қарқынды өседі және соның арқасында зейнетақы жинағын баспана алуға жұмсау мүмкіндігі қайтадан пайда болады деп қатты үміттенді. Үкімет пен Пар­ламент елдің ол үмітін үзіп отыр.

«Қолданыстағы ереже бойынша аза­маттарға жұмыс берушілер өз есебінен төлейтін міндетті кәсіби зейнетақы жар­наларын (МКЗЖ) да баспана алуға немесе емделуге ба­ғыттауға рұқсат етілді. Ал 2023 жыл­ғы 1 шілдеден кейін біржолғы зей­­нетақы төлемдері ЖМЗЖ есе­бінен қалып­тастырылған зейне­т­ақы жинақтарынан жүзеге асырыл­майтын болады. Азаматтар бұдан ары баспанаға не емделуге тек өзінің міндетті зейнетақы жинақ­тарын ғана пайдалана алады», – деді қордың Заң департаментінің басшысы.

Екінші шектеу – жерлеуге ар­на­лған біржолғы төлемге қатысты. Қолданыстағы қағидаға сәйкес, БЖЗҚ-дан зейнетақы аударымын алушы адам, сондай-ақ зей­нетақы жинақтары бар және зейнеткерлік жасқа толмаған адам дүние салса, онда оның отбасына немесе жер­леуді жүзеге асырған адамға» 52,4 АЕК немесе 2023 жылы 180 780 теңге мөлшерінде жерлеуге арнал­ған біржолғы төлем берілетін.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, билік биыл 1 шілдеден бастап, БЖЗҚ-дағы жинағының қызығын көрмей, бақиға ат­танған салым­шысының жерлеуін ұйым­дасты­ратын өзге адамдарды осы төлем­нен қағып отыр. Ол төлем тек оның отбасы мүшелеріне ғана беріледі. Тіпті, туыстарына да тимейді.

 

БЖЗҚ жерлеу төлемінің сомасы

1 шілдеден бастап, қазіргі 52,4 АЕК-тен 94 АЕК-ке немесе 2023 жылы 324 300 теңгеге дейін өсетінін мәлімдеді. Тек жаңа ко­декске сәй­кес, БЖЗҚ-да немесе Қазақстан­да жаңадан құрылатын ерікті жи­нақтаушы зейнетақы қорында (ЕЖЗҚ) зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болса, онда жерлеуге арналған төлем оның тек отбасы мүшелеріне аударылады. Сонымен қатар төлем көлемі 94 АЕК-тен әлдеқайда аз болуы мүмкін: төлем сомасы жан тапсырған адамның жеке зейнетақы шотында қалған қаражаттан артық бола алмайды. Онда он мың теңге жатса, сонша беріледі. Өз клиенті үшін БЖЗҚ қайырымдылық жасап, оның жерлеу шығынын көтермейді.

Үшінші шектеу – ерікті зей­нетақы жинақтары (ЕЗЖ) есебінен төленетін төлемге қатысты.

«2023 жылғы 1 шілдеден бастап, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлем­деріне құқығы бар тұлғалар тізбесі өзгереді. Ол тізімнен БЖЗҚ-да немесе ЕЖЗҚ-да ерікті зей­нетақы жинақтарының сомасы және оларға есептелген инвестициялық кіріс шегінде зейнетақы жинақтары кемінде 5 жыл болған адамдар алынып тасталады. Сонымен қатар Қазақстаннан тыс жерлерге тұ­рақты тұруға кететін мәртебесіне ие шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да бұл тізімнен шы­ғарылады», – деді қор өкілдері.

Төртінші шектеу мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығу үшін зейнетақылық аннуитет бекітетін азаматтарды қамтиды.

«Биылғы шілдеден кейін сақ­тандыру ұйымымен арада Сақ­тандыру төлемдерін өмір бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға құқылы адам­дар санатынан БЖЗҚ-да зейнетақы жи­нақтары бар, мү­гедектігі мерзімсіз болып белгі­ленген бірінші және екінші топтағы мүгедектік берілген адамдар шы­ғарылып тасталады» деп хабарлады БЖЗҚ.


 
Болашақтағы зейнетақы 300 доллар ғана ма?

Дегенмен осы өзгерістер мен шектеу­лердің бір бастамашысы саналатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі одан тек игілікті көріп отыр. Ведомство­ның түсіндіруінше, Әлеуметтік кодексте зейнетақы жүйесінің тиім­ділігін арттыруға және зей­нетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған бірқатар шара қарастырылған.

«Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасып, жұмыс істейді. Оған базалық және ынтымақты зейнетақы, сондай-ақ БЖЗҚ зейнетақы төлемі кіреді. Соңғысы азаматтардың зейнетақы жинақтары есебінен қалыптасады. Ал ын­тымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқартылуда. Өйткені оны тағайындауда азаматтардың тек 1998 жылдың 1 қаң­тарына дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ес­керіледі. Ал 1998 жылға дейін сал­мақты еңбек өтілі бар қазақ­стан­дықтар саны азайып барады. Сондықтан биыл Әлеуметтік ко­дексте көзделген зейнетақы жүйе­сінің тиімділігін арттыру шарала­рының жаңа пакеті іске асырылып жатыр», – деді министрлік маман­дары.

Министрлік мәліметінше, бі­ріншіден, 2023-2027 жылдар ке­зеңінде ең төменгі базалық зей­нетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54 пайыздан 70 пайызға дейін, яғни ең төменгі күнкөрістің 100 пайы­зынан 120 пайыз деңгейіне жеткізу көзделген. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін кө­теріледі. Бұл ретте базалық зей­нетақының ор­таша мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13 пайызды құрамақ. Бұл Қазақ­стан­дағы барлық 2,2 миллион зей­неткерге әсер етеді.

Екіншіден, 2023 жылғы 1 қаң­тардан бастап зейнеткерлікке шы­ғатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайда­ланылатын ең жоғары табыс мөл­шері 46 АЕК-тен 55 айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылды.
Осы шаралар 2025 жылға қарай, яғни 3 жыл ішінде жиынтық зей­нетақыны орта есеппен 27 пайызға – 109 мыңнан 138 мың теңгеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұл сома қазіргі бағаммен 300 долларды ғана құрайды. Әйткенмен, сол өсімді ұлттық валютаның кейінгі девальвациясы құн­сыздандыруы мүмкін.

Сондай-ақ осы шара жиынтық зей­нетақыдағы мемлекеттік төлем­дердің үлес салмағының артуына әкеледі. Бұл да мем­лекеттік бюджет шығыстарын күрт өсіретін сын-қатердің бірі.

Зейнетақы жүйесін жаңғыр­тудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рымдамасына сәйкес, базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынты­мақ­ты зей­нетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2 пайыз оза индекс­теледі. Жыл сайынғы өсімді ескере отырып, жиынтық зейнет­ақының орташа мөлшері 120,7 мың теңгені құрауы тиіс. Оның ішінде базалық – 37 862 теңге, ынтымақты – 82 881 теңге.

Сондай-ақ Әлеуметтік кодек­стің жаңа­шылдықтарының бірі – БЖЗҚ салымшысы төл зейнетақы активтерінің 50 пайызын өзінің дербес таңдауы бойынша жеке бас­қарушы инвестициялық компа­нияларға беру мүмкіндігі ұсыны­лады. Бұл азамат­тарға зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, төл зейнетақы жоспарын құруға, жи­нақтарын инвестициялаудың балама саясатын таңдауға мүм­кіндік бермек.

Мұның сыртында, Әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылғы 1 шіл­деден бастап, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар «еңбек сіңірген жылдары бойынша зей­неткер­лерге» (пенсионеры по выслуге лет) тұрғын үй жағдайларын жақ­сар­туға немесе емделуге өз зей­нетақы жинақтарының бар­лық сомасын пайдалану құқығы бе­ріледі. Бұл құқықты республикада 75 мың­ға жуық адам пайдалана алады. БЖЗҚ-да олардың жалпы сомасы 120 млрд теңге жинағы жатыр.

Қорыта айтқанда, сарапшылар тиім­ділігін көрсете алмаған Қа­зақстанның зейнетақы жүйесін үлкен сынақтар күтіп тұрғанына на­зар аудартып жүр. Ендеше бұл жолғысы реформаның басы да емес, соңы да емес. Болашақта бас­қа да шектеулер болуы мүмкін.


Елдос СЕНБАЙ