Ел экономикасының локомотиві

Ел экономикасының локомотиві атанған Атырау облысы инвестиция көздерін тарту жағынан республика бойынша бірінші орында тұр.

Жыл ба­сынан бері Атырау облысына тар­тылған инвестициялар көлемі 61,1 трлн теңгеге жеткен. Жалпы, елімізге тартылған инвестицияның 22,5  пайызы Атырау облысына тиесілі. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Пре­зидент жанындағы Орталық коммуникациялар қызме­тінде өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Әлемдік инвесторлар үлкен қызығу­шылық танытатын Атырау облысында бүгінде ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай бүгінгі материалымызда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тоқ­талған негізгі мәселелерге шолу жаса­ғанды жөн көрдік.


Өмір сүру сапасы артады

Қазір Атырауда бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Былтыр «Индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы» және «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» шеңберінде жалпы сомасы 815,2 млрд теңге болатын үш жоба іске қосылды. Осылайша, 748 адам жұмыспен қамтылды.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында биыл бюджеттен 9,4 млрд теңге  қаражат бөлінді. Қазір сомасы 20,9 млрд теңге болатын 208 жоба қолдау тапты.
– Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жыл аяғына дейін жалпы сомасы 14,9 млрд теңге болатын 3 жоба іске қосы­лады. Нәтижесінде, 207 жұмыс орны ашы­лады. Солардың бірі – құны 9,9 млрд теңгені құрайтын құс фабрикасы. Фабрикада құс етінен жартылай фабрикаттар дайындалатын болады. Кәсіпорын қуаты жылына 5 мың тоннаға дейін өнім өндіреді, – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Бүгінде Атырау облысында 2 қала және 132 ауылдық елді мекен таза ауызсумен қамтылған. Бұл тұрғындардың 99,7 пайызы таза ауызсу мен газға қол жеткізді деген сөз.
Қазір облыстың 8 ауылдық елді ме­кенінде, яғни Қызылқоға ауданының Қоғам, Қоныстану, Қоңыраулы, Аққора, Сарқұмақ, Былқылдақты, Соркөл, Кенбай ауылдарында су құбырының құрылысы мен суды тазар­тудың кешенді блок-модульдерін орнату басталды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ қосымша 6 ауылды сумен қамтамасыз ету үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Олардың құры­лыс жұмыстары 2024 жылы басталады.
Облыстың Кешенді жоспары және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін облыс бойынша 30-ға жуық заманауи жаңа типтік жобадағы медициналық нысандар салынады. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, қазір 5 медицина­лық пункт салынып жатыр.
Денсаулық сақтау нысандары қазір Жылыой ауданының Қарағай, Қызылқоға ауданының Айдын, Махамбет ауданының Аққайың, Еңбекшіл, Көздіқара ауылдарында тұрғызылуда.
– Үш қосалқы стансасы бар жедел жәрдем стан­сасының құрылысын бастау жоспар­лану­да. Осы жылы ауылдық жерлерде тағы 5 нысанның құрылысы басталады, – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
 «Теңізшевройл» ЖШС қаражаты есебінен Құлсары қаласында 75 орындық орталық аудандық аурухананың, НКОК компаниясының көмегімен Атырау қаласы­ның Береке ықшам ауданында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылыс­тары жүргізілуде. Атырау қаласында да екі емхана салу жоспарланған.
Ал Атырау қаласындағы облыстық он­кологиялық диспансердің ескі ғимаратының орнына 180 төсектік онкологиялық дис­пансердің радиологиялық корпусының құ­жаты дайын. Қазір онкологиялық диспан­сердің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда.


Инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Атырау облысының кешенді даму жос­пары аясында туризм саласында 9 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру жоспар­ланған болатын. Бүгінде оның бесеуі іске қосылды. Жалпы, туризм саласындағы нвестициялық жобалар толық іске қосылған жағдайда 338 жаңа жұмыс орны құрылады.
– Ежелгі Сарайшық қаласының маңыз­дылығы мен танымалдығын арттыру үшін биыл мұнда визит-орталық ашылды. Көне шаһар Қазақ хандығының астанасы болған өңіріміздегі қастерлі әрі тарихи орындардың бірі екенін жақсы білесіздер. Сарайшық қалашығы өңіріміздің визит картасына ай­налады деп сенеміз. Қазір 2023-2027 жыл­дарға арналған «Сарайшықты дамыту» тұжырымдамасы жасақталып жатыр.
Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы екі жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл – Keremet park аттракциондар мен белсенді отбасылық демалыс паркі және Исатай ауданындағы AMANDYQ кемпингі, – деді Серік Шәпкенов.
Атырау облысында медицина саласын­дағы басты проблемалардың бірі – кадр мәселесі. Жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін жан-жақты жұмыс жүргізуде. Мысалы, биылдан бастап Атырау облысына жұмысқа келетін медицина мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бағдарламасы жұмыс істейді.
– Осы мақсатта медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасу кезінде біржолғы ма­териалдық көмектің мөлшері ұлғайтылды. Көмек мөлшері қалада – 3 млн теңгеге дейін, ауылдық жерлерде   5 млн теңгеге дейін өсті. Бұдан басқа, Атырауда ғана жүзеге асыры­латын арнайы бағдарлама бойынша дәрі­гер­лер «Отбасы Банк» АҚ жергілікті филиалы арқылы кепілсіз және жылдық 5%-бен тұрғын үй сатып алуға қатыса алады, – деп атап өтті Серік Шәпкенов.
Әлеуметтік қолдау шараларынан бөлек, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлінеді. Ол үшін Атырауға алыс және жақын шетелдерден, сондай-ақ озық тех­нологиялар қолданылатын республикалық клиникалардан жергілікті кадрларды оқыту үшін мамандар шақырылады. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін 2023 жылға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мыңнан астам атыраулық маманды үздік шетелдік емханалар базасында оқыту жоспарланған.
Денсаулық сақтаудың қолжетімді және тиімді жүйесін қамтамасыз ету үшін Атырау облысының денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі бес жылдық тұжырымдамасын әзірлеу басталды. Тұжырымдама денсаулық сақтау саласындағы нысаналы индика­торларды жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, кадрлар тапшылығын төмендетуге және медицина қызметкерлерінің білік­тілігін арттыруға, сондай-ақ медициналық көмектің сапасын жақсартып, көлемін кеңейтуге бағытталған.
2025 жылға дейін қолдан өсірілетін балықтың көлемі 7 мың тоннаға дейін жетеді. Былтыр облыстағы кәсіпорындар 200 тоннадай балық өсірген. Бұдан бөлек, Жайық-Каспий бассейнінен 14 323 балық ауланды.
– Балық өңдеу және одан дайын өнім шығару – Атырау экономикасында маңызды рөл атқаратын сала. 2025 жылға дейін балық өсіретін сегіз кәсіпорын және бір балық өң­деу цехын ашу жоспарланып отыр. Нәти­жесінде, тауарлы балық өсіру 7 мың тоннаға дейін артып, 300 тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді Серік Шәпкенов.
Атырау облысының әкімі Серік Шап­кеновтің айтуынша, биыл облыста жалпы саны 13 540 оқушыға арналған тоғыз мек­теп­тің құрылысы аяқталады. Атырау қа­ласы мен қала маңындағы бес мектептің және аудандардағы төрт мектептің (13 мың­­нан ас­там орынға шақталған. 140 орын) құры­лысы аяқталып, пайдалануға беріледі.  
– Атырау облысы бойынша жалпы саны 21 600 оқушыға арналған 16 мектептің құрылысын аяқтау және пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде екі мектепке жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, қал­ған 14 мектептің құрылысы респуб­ликалық бюджеттен қаржыландырылады.
Сондай-ақ 2024 жылы тапсыру жоспар­ланып отырған тоғыз мектеп «Жайлы мек­теп» ұлттық жобасы аясында салынады. Қазір шарт жасасу рәсімі жүріп жатыр, осы жоба бойынша 9 мектептің құрылысы биыл жазда басталады, – деді Серік Шәпкенов.
Түйіндеп айтқанда, облыста жүзеге асы­рылып жатқан ауқымды жобалардың бар­лығы әлеумет әлеуетін арттыруға бағыт­талып отыр.


Баян Жанұзақова,
Атырау облысы