Алдағы уақытта Қазақстанда видеоталдау жүйесі енгізіліп, жылдамдық асырған жүргізуші туралы мәлімет бірден полицияның планшетіне жіберіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтқан болатын. Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі көшелерге 100 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Бейнеталдау жүйесі жылдамдық асырғанды жақсы көретін жүргізушілермен күресуге мүмкіндік береді. Жол полицияларына берілген қарапайым планшет превентивті талдау, превентивті жұмыс құралына айналуға тиіс. Жүргізуші 10 камера тұсынан сағатына 200 шақырыммен өтіп, айыппұл төлеген соң жөніне кете беретін жайттар жиі тіркеледі. Мұндай жағдайды болдырмас үшін не істеу керек? Жүргізуші 3-4 камера тұсынан өте жоғары жылдамдықпен өтсе, онда сол жерде тұрған жасақтан ақпарат бірден планшетке түсуге тиіс. Бұл апатты азайтудың бірден-бір жолы болуы мүмкін.
Жол тәртібі – өмір тәртібі десек те болады. 12 маусымда «Қарағанды – Теміртау» тасжолында екі жеңіл көлік соқтығысып, оқиға орнында екі адам қаза тапты. Одан бөлек, үш адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға таңертеңгі сағат 11.00 шамасында болған. Audi көлігін тізгіндеген 57 жастағы жүргізуші маневр кезінде қарсы бағытта келе жатқан ВАЗ – 2114 автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы фактісі полицияда тіркеліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Осыған ұқсас жағдай 4 маусым күні болған еді. Бұл жолы Қарағанды қаласындағы Тәттімбет пен Б.Момышұлы көшелерінің қиылысында Chevrolet Cobalt көлігінің 23 жастағы жүргізушісі солға бұрылып келе жатып қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізбей, Toyota Camry көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Camry көлігінің екі жолаушысы әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді.
Сол күні Осакаровкада да бір адамды жалмаған оқиға болды. Бұл ауылда мотоциклді жүргізушілер де қауіпті болып тұр. Олардың арасында да көз жұмғандар саны артқан. Жергілікті Полиция қызметі басқармасы мотоциклі бар азаматтармен кездесіп, олардың иелігіндегі көлік құралдарының құжаттары бар-жоғын тексерді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары мотоцикл иелеріне жол-жүру ережелерін сақтау бойынша да түсіндіру жұмысын жүргізді. Десе де, мотоцикл жүргізушілер тарапынан бүгінде құқықбұзушылыққа жол беру жағдайлары жиі кездеседі. Мәселен, 13 мамырда сағат 22.00 шамасында Қарағанды облысы Құлайғыр ауылының маңында Абай аудандық Полиция басқармасы патрульдік полиция взводының қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ мотоциклді тоқтатқан. 29 жастағы жүргізуші көлігіне мемлекеттік нөмір тақпағанына қарамастан, мотоцикл құралын ішімдік ішкен күйде басқарған.
Соттың шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып
7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды. Шахтинск қаласында 13 мамыр күні сағат 15.00 шамасында 16 жастағы қала тұрғыны көпқабатты үйлердің ауласында ИЖ Юпитер 3 мотоциклін басқару кезінде жол қауіпсіздік ережелерін ескермей, 3 жастағы баланы қағып кетті. Салдарынан жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. Сол күні сағат 23.00 шамасында Есенгелді – Қарағанды тасжолында Honda мотоциклінің 35 жастағы жүргізушісі 30 жастағы ВАЗ-21014 автокөлігінің жүргізушісімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан мотоцикл жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Аталған дерек полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысының Полиция департаменті мотоцикл жүргізушілерін жол жүру ережелерін қатаң сақтап, сақтандыру киімдерін киіп жүруге шақырды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы