Алматыда үшінші қабаттағы пәтердің балконынан құлап кеткен 4 жасар баланың жағдайына қатысты №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы мәлімет берді.
Аурухананың баспасөз қызметі мәлім еткендей, кішкентай ұл бала балконда орындыққа шығып, көшеге қарамақ болған кезде құлап кеткен. Сонымен қатар үйде жанында ересек адам болмаған.
«Баланы жедел жәрдем бригадасы қабылдау бөлімшесіне ауыр жағдайда жеткізді. Алып келген кезде бала дереу қаралды, қажетті инструментальді зерттеулер, оның ішінде ағзаға компьютерлік томография жүргізілді. Бала жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Дәрігерлер баланы травмалық есеңгіреуден алып шығып, оның жағдайын тұрақтандырды», – деп хабарлады ауруханадан.
Іш жағының тоқтамай ауырсынуына байланысты мультитәртіптік кеңес өткізіліп, диагностикалық лапароскопиялық ота жасау туралы шешім қабылданды.
«Балада көзге көрінбейтін жарақат болды. Оған хирургиялық бөлімшеде ота жасалды. Қазір оның өміріне қауіп жоқ. Бала жазылып, үйге шықты»,– деді №2 БҚКА директорының орынбасары Назгүл Асанова.