Харассменттен қорғана аламыз ба?

MediaNet-тің жүргізген сауалнамасы бойынша, қазақстандықтардың 82 пайызы бұл мәселе өзекті және онымен күресу керек деп санайды.

Харрасмент – қазіргі қоғамға енген жаңа сөз. Ұғымның мағынасын ашатын болсақ, харрасмент – адамға еркінен тыс қол жүгірту және жыныстық қысым көрсету. Харасменттің 6 түрі бар:

1. Рұқсатсыз қол тигізу

2. Адамның ізіне түсу

3. Вербалды харассмент, яғни орынсыз әзілдермен адамның сырт келбетіне сөз тигізу.

4. Кибер харрасмент ғаламторда психологиялық қысым көрсету немесе бопсалау.

5. Эксгибиционизм

6. Арам пиғылын іске асыру үшін, ақша ұсыну.

7. Жыныстық қысым. Яғни заңды түрде жазаланатын жалғыз харрасмент түрі зорлау.

Аталған 6 тармақтың барлығы қазіргі қоғамда кездеседі. Бірақ өкінішке қарай, халық бұндай тақырыптарды ашық талқылауға әлі дайын емес. Дегенмен, жалпы харрасмент ұғымы Қазақстанда қаншалықты өзекті екеніне үңіліп көрейік.

Елімізде күніне қаншама қыз-келіншек физикалық және психологиялық харрасментке ұшырайды. Көшеде, қоғамдық көлікте, жұмыста, мектепте, тіпті ғаламторда. Бұдан қашып құтылу мүмкін емес, себебі әрбір қыз баласы осындай жиіркенішті жағдайға тап болуы мүмкін. Қазақстанда 4 жылдың ішінде 100-ге жуық жоғары деңгейдегі харрасмент қылмысы тіркелген.

MediaNet-тің жүргізген сауалнамасы бойынша, қазақстандықтардың 82 пайызы бұл мәселе өзекті және онымен күресу керек деп санайды. Ал әйелдердің 69 пайызы сексуалды қысым, кейін зорлық-зомбылыққа алып келеді деген ойда. Әйел қауымының 22 пайызына көшеде бейтаныс ер-адамдар сөзбен немесе іс-әрекетпен тиіскен болса, 21 пайызына қоғамдық көлікте рұқсатсыз қол тигізген. Мүлдем айтылмайтын, бірақ көп кездесетін харрасмент түрі эксгибиционизм. Бұл әлеуметтік желілерде жас қыз балаларға порнографиялық суреттер жіберу. Эксгибиционизмге ұшырайтын қыздар қауымы 16 пайызды құрайды. Зорланған немесе жыныстық қысымға куә болған қыздар 7 пайызды құрайды.

Бұл 2021 жылғы статистикалық мәліметтер. Ал 2022 жылғы дерек бойынша, тек кәмелетке толмаған 964 бүлдіршін зорланғанын білеміз. Ерекше атап айту керек, жоғарыдағы тек ресми деректер.

 

Осы тақырып аясында сауатты болу үшін харрасментті бастан кешірген бірнеше оқушының оқиғасымен таныс болыңыздар:

Аружан, 17 жаста, Астана қаласының тұрғыны:

«Әдеттегідей қоғамдық көлікке міндім. Ішінде адам көп болса да, кіріп тұра бердім. Біраздан кейін, саныма біреудің қолы тиіп кетті. Артыма жалт қарап едім, 40-50 жас шамасындағы қарапайым ер адам тұр екен. Басымда мүлдем арам ой жоқ, «Жай қолы тиіп кеткен шығар» деп тұра бердім. Кейін, жамбасымнан біреудің ұстағанын сездім. Дәл осы кезде ішім біртүрлі болып, жиіркеніп кеттім. Артымдағы ер адам маған қатты жақын тұрып алған. Денеме сүйкеніп тұр. Кеш болса да, артымда тұрған адамның арам пиғылын сездім. Автобустан барынша тез шығып кетуге тырысып, есікке қарай бет алдым. Бұл жағдай маған физикалық зиян келтірген жоқ. Бірақ дәл осы жағдайдан кейін орта жастағы ер адамдарды қабылдауым өзгерді, сонымен қатар адам көп жерде ерлермен бірге тұрудан қорқатын болдым».

 

Медина, 16 жаста, Алматы қаласының тұрғыны:

«Дала енді жылыған кез, кешкі 7-8-дер шамасы. Өзім жалғыз үйге қайтып бара жатырмын, құлағымда музыка. Үйге апаратын жол, сәл қуыста орналасқан. Күнде өтіп жүрген жолым, бөгде адамдар болса да қорықпайтынмын. Ал сол кеште, алыстан сұңғақ бойлы 2-3 бейнені көріп, назар аудармадым. Жақындағаным сол еді, ысқырып, күліп, бірдеңе айта бастады. Мен мүлдем назар аудармадым. Үндемеген сайын, артымнан жүріп, мазақтап, телефон нөмірімді сұрай бастады, Сонда да, үйге үнсіз бет алдым. Үйге жақындаған сәтте әлгі 3 жігіт мені қоршап, киіміме тиісе бастады. Бойымды үрей билеп, қатты айқайлап жібердім. Сол мезетте әлгі үшеуі мені балағаттап қаша жөнелді. Осы жайттан кейін, кешке үйге жалғыз қайтпаймын, достарым шығарып салады. Себебі «Тағы да сол бойлары ұзын 3 жігітті көремін бе» деген үрей бар».

 

Осы айтылған екі оқиға жиі кездесетін харрасмент түрлері. Бұған ұқсас жағдай орын алса тез әрекет ету керек. Ең дұрысы – дауыстап көмекке шақыру. Мүмкіндігінше, дәл сол ер адамдардың түрін суретке түсіріп алу, балағаттаса дауысын жазып алу керек. Бірақ не үшін? Заң органдарына шағымданып, айыппұл төлеттіру үшін бе? Заң харрасментке ұшыраған әр адамды қорғай ма?

Ал ғаламтордағы кибер харрасмент және эксгибиоцинизмге ұшыраған қаракөздерімізді қалай қорғаймыз? Айтылмаған жағдайлар мен дәлелдер қаншама. Тек ҚР ҚК123-бабында ғана харрасменттің дөрекі түрі туралы айтылған. Ол – жыныстық қатынасқа итермелеу. Әдеттегідей, тек жағдай ушыққанда ғана, біз мәселенің салдарымен күресеміз. Осы жағдайға байланысты Қазақстан азаматшасы ретінде жеке ойымды білдіргім келеді:

Харрасмент туралы бөлек заң жобасы дайындалып, қабылдануы керек. Өмірдегі физикалық қол жүгіртуден бастап, ғаламтордағы әдеп нормаларына жатпайтын хаттарға дейін. Әр бап бірнеше бөлімнен тұрсын. Қыздарды зорлағандарға ең ауыр жаза берілсін. Ең бастысы ешкім жазасыз қалмасын. Қазақ қыздары өздерін қорғайтын заң бар екенін білсін. Қыздарымыздың ар-намысын, өмірін мемлекет қорғамаса, кім қорғайды? Заң қатал болғанда ғана, ер адамдар қауымы ойларына келгенін істеуді қояды деп ойлаймын.

Ақерке ЗӘРУБАЙ,
Астана қаласындағы №60 мектеп-лицейдің түлегі.

Коллаж: Лиза Стрельцова