Астана күнінде түрік фильмі тегін көрсетіледі

6 шілдеде Қазақстанның елордасы Астананың 25 жылдығы атап өтіледі.

Ширек ғасырлық қысқа мерзім өткеніне қарамастан, жаңа үлгідегі елорда үлкен мегаполис статусына ие болды. Қала мәдени және рухани тіршілігі қайнап жатқан  үлкен орталыққа айналып үлгерді. 

Астанада орналасқан Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы да қаланың мәдени  тынысына өз үлесін қосу мақсатымен «Айлық түрік фильмдері күні» шарасын ұйымдастырады. Шара аясында бір жыл бойы ай сайын түрік фильмдері ақысыз түрде көрермен назарына ұсынылатын болады. Көрсетілетін түрік фильмдерінің қатарында «Жүрегімдегі қазына»,  «Ұзақ хикая», «Ертұғырыл 1890», «Көбелектің түсі», «Жаңғақ ағашы», «Ұмытсам, сыбырла» сияқты туындылар бар. «Айлық түрік фильмдері күні»  аясында елорда тұрғындарына тарту ретінде ұсынылатын алғашқы туынды «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды» деп аталады.  

 

Комедия жанрында түсірілген «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды» атты картина 2013 жылы түсірілген. Режиссері Кыванч Баруөнү, басты рөлдерді Толга Чевик, Мұрат Башоглу  мен Эзги Мола сомдаған. Түркияның Үргүп атты қаласында түсірілген кинотуындының сценаристі – Йылмаз Ердоған. 

Фильмнің негізгі оқиға желісі  Исфендияр есімді режиссердің (ролде Феррух Йенидоған) сценарий жазу үшін Синанды (Толға Чевик) Үргүпке іс сапарға жолдауынан басталады.  Синан қалаға келіп, бір қонақүйге тоқтайды. Алайда іс сапармен келген ол қонақүй қожайынының қызы Эйлүлге (Эзги Мола) ғашық болып қалады. Эйлүл- – Фарук есімді жігіттің қалыңдығы, екеуі тойға дайындалуда. Ал, Эйлүлді ұнатып қалған Синан оны өзіне ғашық қылу үшін қолынан келгенін жасайды. Бір күн Эйлүлдің ұсынысымен Синан әуе шарына мінеді. Алайда, Синан мен Эйлүл мінген әуе шары басқа жаққа барып қонады.

«Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды» картинасы – халықаралық көптеген жүлде алған туынды. Мексика Халықаралық фильм фестивалінде «Ең үздік романтикалық комедия фильмі», Массачусетсте өткен Тәуелсіз фильмдер фестивалінде «Ең үздік ұзын метражды фильм», Калифорния фильм фестивалінде «Ең үздік шетелдік фильм», сондай-ақ Колородадағы халықаралық фильм фестивалінің жүлдесін жеңіп алды. 

Астана тұрғындары мен қала қонақтары фильмді тегін тамашалай алады.