Ғылым қолдаудан кенде емес

ЮНЕСКО ғылымды дамытуды «уақытпен жарысқа» теңеді.

 Себебі түсінікті. Әлемде ғылым өркен жайған сайын адамзат та уақыттан оза түседі. Қазақ елінің де осы жарыс жолынан шығып қалмай, алға қарай дамығаны жөн. Әйтпесе, өркендеуде артта қалып, өркениет көшінің шетіне шығып қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет отандық ғылымды дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл ретте ғылымды қаржыландыру соңғы үш жылда үш есе артты.

Дүниежүзінде, әсіресе дамыған елдерде ғылымға қаншалықты көңіл бөлінетінін келесі қызықты деректерден байқауға болады. ЮНЕСКО дерегінше, бес жылда жаһандық ЖІӨ 14,9 пайызға өсіпті, ал осы кезеңде ғылыми зерттеулерге арналған жаһандық шығыстар одан көпке, 19,2 пайызға артқан. Жер-жаһанда ғылыми зерттеушілер санының өсуі планета халқының өсуінен үш есеге асып түскен: 5 жылда адамзат саны 4,6 пайызға өссе, ғалымдар саны 13,7 пайызға көбейген.
Заманауи ғылым адамзаттың болашақ дамуын айқындайды. Сондықтан жаһандық тұрғыда бір жыл ішіндегі ең көп ғылыми жарияланымдар 10 негізгі ғылыми бағытқа тиесілі болып отыр: жасанды интеллект және робототехника (257,5 мың жарияланым), энергетика (215,8), мате­риалтану (193,6), нанотехнология (87,1), опто­электроника және фотоэлектроника (56,7), биотехнология (35,3), қорғаныс және қауіпсіздік (25,9), биоинформатика (19,1), заттар интернеті (6,9), блокчейн технологиясы (0,29).
Қазақстанда ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты және ведомстволық салалық ғылымды әкімшілендіруді 11 министрлік жүзеге асырады. Дегенмен отандық ғылымды дамытуға серпін беру үшін былтыр елімізде бұл салада жеке ми­нистр­лік құрылды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ғылым мен инновацияны өркендету – дамудың жаңа экономикалық бағытының негізгі басым­дықтарының бірі. Сол себепті ғылымды қаржыландыру артты.
«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сай, ғылымды қаржылан­дыруды кезең-кезеңімен ұлғайту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ғылымды қаржыландыру соңғы үш жылда үш есе артты. Сондай-ақ ғылыми жобалар­ды коммерцияландыру қаржысы төрт есеге артты. Биыл базалық қаржыландыру 54 ғылыми ұйымға берілді», – деді ми­нистр.
Ол ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жоба­лары табысты іске асырылып жатқанына сендірді.
–  Біріншіден, коммерцияландыруға арналған жобалар нәтижесінде инно­вациялық өнімдерді сатудан түскен табыс 22,6 миллиард теңгені құрады. Екіншіден, бюджетке салық төлемдері түрінде 5,7 миллиард теңге төленді. Үшіншіден, 465,5 миллион теңгенің өнімі шетелге экспорт­талды. Төртіншіден, жеке инвесторлар құйған қаржы көлемі шамамен 6,8 мил­лиард теңгені құрады, 1 400-ден астам жұмыс орны құрылды, – деді С.Нұрбек.

Ғалымдардың жалақысы өседі
Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінде елімізде 22 мың ғылыми кадр бар. Зерт­теушілердің 37 пайызы ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие.
Қазақстандық ғылым айтарлықтай жасарыпты: ғалымдардың 35 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды екен.  
Соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдау және оларды ғылымға тарту шара­лары пәрменді жүргізіліп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі конкурстық құжаттамаларға жаңа талап енгізді: өз ғы­лы­ми жобасын бюджет есебінен жүзеге асыр­ғысы келетін команда, ұжым өз қатарындағы жас ғалымдар мен зерттеу­шілердің үлесін кем дегенде 40 пайызға жеткізуі керек.
«2022 жылдан бастап «Ғылым туралы» заңға енгізілген өзгерістерді практикада іске асыру басталды. Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдерін апелляциялау институты енгізілді. Ғылыми тағылым­дамадан өтудің нормативтік базасы бекі­тілді. Жүргізілген шаралар нәтижесінде ғалымдардың жалақысы 2 есе ұлғайтылды. Сонымен қатар Ұлттық ғылым академия­сына мемлекеттік мәртебе берілді», – деді министр С.Нұрбек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы-на сәйкес және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Президент жарлығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оның аясында да жас ғалымдарға зор қолдау көрсетіледі. Мысалы, былтыр мыңнан астам жас ғалым мен зерттеуші жұмыс істейтін 631 ғылыми жобаға бюджеттен жалпы сомасы 19,1 миллиард теңгеден астам қаражат шығын­далды. Ал енді гранттық қаржыландыру конкурстары нәтижесінде жас ғалым­дардың 881 жобасы қаржыландырылуда.
Жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 қазақстандық ғалым тағылымдамадан өтіп отырады.

Елдің ғылыми әлеуеті қандай?
Қазақстанда ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті іске асыратын 650 кәсіпорын мен 485 жеке тұлға аккредит­телген. Бірақ олардың 438-і ғана ғы­лыми зерттеулер мен тәжірибелік-кон­струк­торлық жұмыстарды  жүзеге асырады. Олардың 101-і – мемлекеттік секторға, 95-і – жоғары білім беру секторына, 202-сі – кәсіпкерлік және 40-ы – коммерциялық емес секторға жатады.
Ғылыми ұйымдардың желісі 11 өңірде артты. Оның ішінде Астана қаласында – 14, Қарағандыда – 9 және Шығыс Қазақ­стан облыстарында – 7 белсенді жұмыс істейтін жаңа ұйым қосылыпты.
Қазір ғылыми әлеует 11 салалық министрлік пен ведомстволарға бағынады. Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-кон­структорлық жұмыстарды жүзеге асыратын ведомстволық бағынысты мемлекеттік ұйымдардың 34-і – Ауыл шаруашылығы министрлігіне, 17-сі – Денсаулық сақтау министрлігіне, 6-ауы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, 5-уі – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, 3-і – Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, 2-і – Энергетика ми­нистрлігіне тиесілі. Төтенше жағдайлар, Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері – бір ғылыми ұйымнан еншіледі.
Салалық мемлекеттік органдардың қарамағында ғылыммен айналысатын 12 жоғары оқу орны бар. Тарата кетсек, АШМ – 3, Денсаулық сақтау министрлігі – 5, Мәдениет және спорт министрлігі – 4.
Өз кезегінде Парламент жаңа «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына бастамашылық жасады. Депу­таттар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Мәдениет министрлігінің жоғары оқу орындарын – Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің қарамағына, ал педаго­гикалық жоғары оқу орындарын – Оқу-ағарту министрлігінің қарамағына тап­сыруды ұсынып отыр. Бұл білім берудің бар­лық деңгейі үшін педагогтерді даярлау­дың тұтас моделін құруға мүмкіндік береді.
Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғылыми зерт­теулерге және жұмыстарға қажетті тауар­ларды сатып алуы үшін мемлекеттік сатып алуды жүргізудің ерекше тәртібін белгілеу ұсынылды. Әйтпесе, парадоксты жағдай қалыптасты: ғылыми-зерттеу институттары және жоғары оқу орындары ғылыми жо­балар мен бағдарламаларға арналған конкурстарды жеңіп алады. Бірақ ары қарай зерттеудің өзін бастау үшін олар жабдықтарды, реактивтерді, зерттелетін объектілерді сатып алу бойынша тағы конкурстар өткізуі керек. Кейде бұл тен­дерлер жылдап өтпей қалуы немесе жаб­дық­ты жеткізу бірнеше айға созылуы мүмкін.
Жаңа заң жобасы қабылданса, қазақ­стандық ғалымдардың ғылыми журналдары мен монографияларын басып шығаруға арнайы гранттар бөлінеді.
Республикада базалық қаржыландыру аясында жобаға жетекші ғалымдарға жеке еңбекақы төлеу енгізілді. Бұрын олар негізінен атақ пен марапат үшін жетекші болатын. Ғылымды қаржыландырудың жаңа түрі – іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру енгізілді. Ғылыми, ғы­лыми-техникалық жобалар мен бағдар­ламалар енді мемлекеттен бұрынғыдай бір-екі жыл емес, 5 жыл бойы қаражат алып тұрады.
Яғни, ғылымның дамуына кең өріс ашылды, мол мүмкіндік берілді. Ендігі сөз – қазақстандық ғалымдарда. Олардан ел дарыны мен әлеуетін жарқырата жүзеге асыруды, ғылыми жетістігімен Қазақ­станның жақсы атын шығаруды күтіп отыр.
Елдос СЕНБАЙ