Жамбыл облысы Меркі ауданындағы №5 Ақарал мектеп-гимназиясының мәжіліс залында мәдениет қайраткері, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, танымал журналист Жолдасбек Дуанабайды еске алуға арналған «Қалам ұшындағы өмір: белестер, болмыстағы нысандар мен естеліктер» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Мектеп оқушыларына журналистика мен баспа ісі туралы мәлімет беру, олардың шешендік өнерге бейімділігін арттыру, мамандық таңдауға бағыт беру үшін ұйымдастырылған конференция жоғары деңгейде өтті.
Залда танымал журналистің «Жарқ етіп сөнген бір жасын» атты портреті орнатылған, оның шығармашылық өмірінен сыр шертетін «Қаламы ұшқыр қаламгер» деп аталған әдеби-танымдық бұрыш та көптеген құнды материалмен жасақталыпты.
Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтардың арасында Жолдасбек Дуанабайдың ағасы Айтжан Әшімханұлы, қаламгердің қызы Дина Жолдасбекқызы, сыныптас досы Бейбіт Кененбаев, журналистика саласының ардагері Әтіркүл Исаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Құралай Бағаділова мен осы жолдардың авторы Әлихан Нұралиев болды.
Жиынды алғы сөзімен ашқан мектеп директоры Нұрила Қойшыманова белгілі журналист Жолдасбек Дуанабай турасында ой қозғап, осы конференцияны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыру жайын тілге тиек етті.
Бұдан соң Жолдасбек Әшімханұлының өмір жолы мен шығармашылық жолындағы тарихи фотосуреттері көпшілік қауымға таныстырылды. Кешке қатысқан мектеп оқушылары Жолдасбек Дуанабай туралы арнауын оқып, бала Жолдасбектің мектеп қабырғасындағы зеректігімен оның ҚазМУ-ге құжат тапсыру сәтін бейнелейтін сахналық көрініс қойды.
Конференция кезінде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп пен ардагер журналист, Бектұрған Жамбабаевтың қалам иесі туралы естеліктері бейнетаспа арқылы көрсетілсе, Әтіркүл Тәжібекқызы мен Әлихан Атыханұлы көпшілік алдында әріптестері жайындағы естелік әңгімесін айтып берді.
Кеш барысында оқушылар Журналистика факультетінде Жолдасбек Дуанабаймен бірге оқып, кейін «Жас Алаш» газеті редакциясында бірге қызмет еткен Гүлнар Жұмабайдың естелігін де нақышына келтіріп оқып берді.
Ал Айтжан Әшімханұлы інісінің аса бауырмал болғанын айтып, келешекте оның атын бір көшеге беру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өз сөзінде осынау тағылымды шараны өткізуге мұрындық болған мектеп директоры Нұрила Қойшыманова мен директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Райхан Бәбіжановаға алғысын жеткізді. Танымал журналистің қызы Дина да әкесі жайында тебірене сөйлеп, Талғат Айтбайдың әке еңбектерін топтастырып, кітап түрінде баспадан шығарғанына ризашылығын білдірді. Ал сыныптасы Бейбіт Кененбаев Жолдасбектің балалық шағы туралы сөз қозғады. Конференция жұмысын қорытындылаған мектеп басшысы Нұрила Қойшыманова қайнаған өмірдің ортасында жүріп, әр өзгеріске өзіндік ойын білдіруге тырысқан журналист Жолдасбек Дуанабайдың есімі мәңгі ұмытылмайтынына сенім білдірді.
Ал журналистің артында қалған еңбектері 5-10-сынып оқушыларының зерттеу нысанына айналмақ.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы» газетінің
бөлім меңгерушісі,
Жамбыл облысы