– Ғабит Мұхамеджанұлы, жақында Түркия мемлекетіне іссапарға барған екенсіздер? Сапардың мақсаты қандай?
– 12-15 маусым аралығында Түркия Республикасының Анкара қаласында ресми іссапарда болдық. Іссапар барысында бірнеше ұйымдармен кездесулер өтті. Кездесулер нәтижесінде келіссөздер жүргізіліп, рухани-мәдени, әдістемелік байланыстар орнату туралы меморандумдар жасалды. Болашақта бірігіп жасалатын жұмыстар талқыланды. Негізгі мақсат Түркия тәжірибесіне сүйене отырып, тілді оқыту әдістемесі бойынша тәжірибе алмасу, ынтымақтастық орнату.
Түркиядағы қазақ тілін үйрететін, рухани байланыстарды дамытумен айналысатын мекемелермен, сонымен қатар түрік тілін үйрететін мекемелермен байланыс жасауда екіжақты жұмыс істеу көзделді.
Атап айтқанда, кездесудің алғашқы күні «TÜRKTAV» қорының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Аталған қор түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін, тілін насихаттау бағытында жұмыстар атқарады. Түркі тарихы мен мәдениеті қоры көне дәуірден бүгінгі күнге дейін түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, ұлттық және халықаралық деңгейдегі жобалар арқылы түркі халықтарының мәдени жады мен тарихи мұрасының құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады. Аталған қордың «Отырар» электрондық кітапханасы маңызды жобалардың бірі. Бүгінде кітапхана қорында 100 мыңнан астам түркологияға байланысты кітаптар бар.
Осы қордың әлеуеті арқылы қазақ тілін насихаттау жұмыстарын жүргізу мақсатында қор мен Министрлікке бағынысты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы арасында әзірленген меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар Анкарада рейтингісі жоғары оқу орындарының бірі Хаджеттепе университетінің басшылығымен және университеттің Түркология бөлімі жанындағы «TÖMER» түрік және шет тілдерін оқыту, қолданбалы зерттеулер орталығы басшылығымен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуде Хаджеттепе университетінің проректорлары: профессор Сибель Аксу Йылдырым, профессор Серхат Үнал және «TÖMER» орталығының директоры, профессор Мұстафа Дурмуш, сол сияқты проектордың кеңесшілері болды. Келіссөздер барысында университет пен орталықтың басшылығы қазақ тілі курстарын ашуды жоспарлап отырғанын білдірді.
Сонымен қатар оқу семестрін үздік аяқтаған археология, филология, тарих сияқты мамандықтардың студенттерін Қазақстанның ЖОО-ларына тағылымдамадан өтуге жағдай жасап, қаражат мәселелерін шешуде көмек көрсетуді сұрады. Бұдан бөлек, «Тіл-Қазына» ҰҒПО қазақ тілін түрік азаматтарына үйретуде әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ететіні туралы ұсыныстарын өзара талқылады.
Біздің елімізде ҚАЗТЕСТ мемлекеттік тілді меңгеру жүйесі бар. Аталған жүйе сертификатын «TÖMER» секілді халықаралық деңгейдегі мойындалған сертификаттық тест түріне жеткізу үшін тәжірибе алмасу шараларын жүргізу ойымызда бар.
– Жалпы шетелдегі қазақ диаспорасына біздің мемлекет тарапынан тілді үйрету үшін қандай жұмыс атқарылуда?
– Шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету біздің тұрақты назарымызда.
2017 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайының хаттамалық тапсырмасына сәйкес шетелдегі және елге көшіп келген ағайынды қолдау үшін «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Үкіметтің арнайы қаулысымен құрылған болатын.
Шетелде тұратын қазақ өкілдерінің бiлiм алуына жағдай жасау, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жақсарту, халықаралық байланыстарды дамыту мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» тиісті жұмыстарды жүргізуде.
Ал біздің тарапымыздан тілді үйретну үшін әдістемелік қолдау көрсетіліп келеді. 2020 жылы қолданысқа енгізілген «Abai.institute» онлайн-платформасы – Қазақстан Республикасының консулдықтары арқылы және бірлесіп орындауға мүдделі отандық және шетелдік мекемелер және ұйымдармен қазақ тілін насихаттау, шетелдердегі қазақ диаспоралары үшін қазақ тілін меңгеруді ілгерілетуге және тереңдетуге, Абайдың шығармашылығы мен идеяларын таныстыруға арналған жоба.
Бұл онлайн-платформа арқылы әлемнің 8 елінде: АҚШ, Венгрия, Германия, Иран, Түркия, Ресей, Моңғолия, Францияда қазақ тілінің офлайн курстары жүргізіледі. Платформа қазақ тілін орыс, ағылшын, түрік, неміс, француз, парсы тілдері яғни алты тіл арқылы үйренуге мүмкіндік береді. Android, iOS операциялық жүйелерінде қолжетімді. Оған А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша сабақтар орналастырылған.
Сонымен қатар шетелдегі қазақ диаспорасына арналған «Қазақ тілі» (А1, А2, В1, В2 деңгейлері) әмбебап оқулықтары әзірленген болатын. Осы оқулықтың электронды нұсқаларын платформаға орналастырдық. Биылғы жылы осы басылымның С1 деңгейі әзірленетін болады.
Қазақ тіліне сұраныс артқан сайын, ақпараттық технологиялардың интерфейстеріне, мәзір баптауларына қазақ тілі біртіндеп енгізілуде. Қазақ тілінің коммуникациялық әлеуетін күшейтуге байланысты бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Осы орайда тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін ғылым мен білім тіліне айналдыру, цифрлы кеңістіктегі рөлін арттыру сияқты мәселелерге назар аударылуда. Біз бұған дейін шетелдегі қандастарымызға Сыртқы істер министрлігі арқылы баспа түріндегі әдебиеттерді ұсынып келсек, бүгінгі күн талабына сәйкес электронды өнімдерді әзірлеп, оларды кез келген адамға қолжетімді болу тұрғысынан онлайн платформаға орналастырдық.
Сондай-ақ Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл сайын шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету мақсатында еларалық қоғамдық-саяси, әдеби-ғылыми «Туған тіл» альманағы басылып шығарылады. Аталған альманахта Мемлекет Басшысының жүргізіп отырған саясаты бойынша ақпараттық мақалалар қазақ, төте жазу және латын қарпінде беріледі. «Шетел қазақтарының шығармалары» айдарында Қытай, Өзбекстан ақын-жазушыларының поэзиялық және прозалық шығармалары көпшілікке ұсынылып отырады.
– Түрік халқының тілді оқытудағы тәжірибесі қандай екен?
Тіл үйрету әдістемесі бойынша Юнус Емре институтының тәжірибесі ерекше. Юнус Эмре институтының 65 елде 85 өкілдігі яғни филиалы ашылған, негізгі орталығы Анкара қаласында орналасқан.
Юнус Эмре институты ALTA халықаралық сертификаттаудан өткен әлемдегі 19 елдің ішіндегі бірегейі. Институттың тіл курстарынан өтіп, емтиханын тапсырған азаматтарға берілетін сертификат халықаралық дәрежеде мойындалған және бұл оның бірден-бір жетістігі.
Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінде түрік тілі мен мәдениетін насихаттайтын бұл ұйымның түрік тілі оқытушылары алдымен Юнус Эмре институтының С1 деңгейі бойыша емтихан тапсырып, содан кейін арнайы түрік тілін шетелдіктерге үйрететін әдістемелік даярлық курстарынан өтеді. Мекеменің ғалымдары мен қызметкерлері орталықтандырылған түрде түрік тілін кез келген шетелдік танымға сәйкес тұрғыда үйретуді көздеп, соның тиімді бағдарламасын, оқыту нұсқаулықтары мен дидактикалық материалдарын әзірлейді.
Мәселен, Мажарстанда оқытылатын түрік тілі сол елдің мәдениеті мен танымына сай оқытылады, яғни түрік тілі тек қана жаппай шетелдіктер үшін қолданатын бір ғана әдістемесін ғана қолданбай, әр елдің ерекшелігін ескере отырып әдістемесін бағытайттыны біз үшін жаңа тәжірибе болмақ.
Институттың басшысымен кездесу барысында қазақ тілін мемлекеттік деңгейде дамыту, аясын кеңейту, әдістемесін жетілдірумен айналысып жүрген ресми мекемелерге қол ұшын созуға дайын екендерін білдірді.
Біздің мақсатымыз әлемге танылған Гете, Конфуций, Юнус Эмре сияқты осындай ірі мәдени орталықтардың деңгейіне Абай институтын шығару. Осы бағыттағы алғашқы қадамдарымыздың бірі Юнус Эмре интститутының тәжірибесін ала отырып, қазақ тілі мен мәдениетін әлемге танытуды дамыта түсу.
Сонымен қатар Хаджы Байрам Вели университетінің тіл үйретудегі тәжірибесін атауға болады. Университеттің Әдебиет факультетінде «Заманауи түркі диалектілері» кафедрасы ұстаздарымен кездестік. Аталған жоғары оқу орнында профессор Гүлжанат Құрманғалиева Эрджиласун қазақ тілі сабағынан дәріс береді. Кездесу барысында қазақ тілін түрік азаматтарына үйрету әдістемесі, лингвистикалық қолданбалы жобаларды жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.
– Шетелдегі қазақ диаспораларымен байланыстарыңыз қандай?
– Қазақ диаспораларымен мәдени-рухани байланысты арттырудағы тәжірибеміз зор. Шетелде өткізілетін шараларға мәдени орталықтардың басшылары алдыңғы кезекте шақырылып тұрады.
Біздің осы жолғы Түркия сапарында «Көкту» қазақ мәдениеті қауымдастығы басшылығымен кездесу ұйымдастырылды. «Көкту» қауымдастығының базасында қазақ тілі курстары ұйымдастырылып тұрады.
Мекеменің өкілдері бүгінде түрік азаматтары тарапынан қазақ тіліне деген құлшыныстың бар екендігін алға тартты. Курстар қауымдастықтың күшімен ақысыз түрде өтеді. Сонымен қатар курстарды өткізуде басылып шыққан заманауи оқулықтардың жетіспейтіні туралы мәселе көтерілді. Біз өз тарапымыздан қолданыстағы өнімдерді таныстырдық.
Жалпы іссапар аясында жоспарланған барлық мекемелермен кездесулер өтті, түрік ғалымдары мен қоғам белсенділерінің бүгінде бауырлас ел азаматтарының қазақ мәдениеті, тарихы, тіліне деген құлшыныстарының зор екендігін басып айтты.
Сондықтан Түркияда тек қандастар үшін ғана емес, қызығушылық танытып отырған барлық азаматтарға қазақ тілі мен мәдениетін насихаттайтын үлкен ұйымның керек екені сұранып тұр.
Кез келген ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін оның мәдениеті мен әдебиеті, тілі үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Осы сапарымызда Анкара қаласындағы Халық кітапханасына да ат басын тіреп, қазіргі ақпараттық технологияларға сүйенген қоғам өміріндегі адамзатқа ортақ құндылықтардың рөлі туралы пікір алмастық. Бұл кітапхананың ерекшелігі – Президент резиденциясының жанында орналасқандығы. Әлемнің түкпір-түкпірінен әдебиеттерді жинақтап, кітапхана қорына 134 тілдегі мәдениет, ғылым, өнер мен философия салаларының жауһарларымен толықтырған. Кітапхана ұжымы өз ерекшеліктерінің бірі ретінде Түркия тарихына қатысты нумизматика мен фалеристика қорын мақтанышпен ұстайды екен. Қазақстан бұрышында қазақ тіліндегі 377 кітап бар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында әрине бұл өте аз көрсеткіш екені белгілі. Біз өз тарапымыздан тілді үйрету бағытындағы жарық көрген кешендерімізді сыйға тарттық.
Этносаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимыл диаспора арқылы белгілі бір мемлекетаралық деңгейде жүреді. Осы орайда біздің екіжақты кездесуімізді ұйымдастырған Түркиядағы қазақ қыздарына, атап айтқанда, Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиеваға, «Көкту» қазақ мәдениеті қауымдастығының президенті Ләззат Мүләзімоғлу мен осы қордағы тіл курсының оқытушысы Салтанат Ұзақбайқызына, «TÜRKTAV» қорының координаторы Әсел Лахаева алғысымыз шексіз.
Біздің рухани-мәдени байланысымыз әрі қарай жалғасын таба беретіні сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет!