Абай облысындағы асфальт зауытында өрт шығып, 10 тонна битум жанып кетті.
Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 3 шілде күні «101» пультіне Ақсуат ауданы Шыбынды ауылында орналасқан асфальт зауытында өрт шыққаны жайлы хабар түсті. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті.
«Құтқарушылар сол жерге келгенде зауыт аумағында битумды 3 бөшке өртеніп жатты. Отпен күрескен өрт сөндірушілер жарты сағат ішінде ауыздықтады. Зардап шеккен ешкім жоқ», – делінген ақпаратта.
Өрттің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз. Тексеру жұмыстары басталды.