Арыс өзені аңғарында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында 5 метр тереңдікте 8 адамның сүйегі табылған.
Университеттің археологиялық жасағының жетекшісі Александр Николаевич Подушкин қорымның пішінін, жерлеу камераларының орналасуын, сүйекті қоюдағы дәстүрлік культті, сүйектердің түр-сипатындағы жас ерекшеліктерін ескере отырып, жәдігердің кемі 2 мың жыл бұрын пайда болған отбасылық қорым деген болжамын айтуда. Ежелгі жерлеу орнынан түр-пішіні әркелкі 8 құмыра табылған. Оның ішінде ауыз жағы ұзын сопақша болып келетін сұйықтық сақтауға арналған қыш құмыра бірегей жәдігер ретінде бағаланып отыр.
Қорымда әйелдерге арналған әшекей бұйымдар да болған. Күміс жүзік, 400-ден астам түрлі түсті шыны элементтері мен аң сүйектерінен, қоладан тізбектелген алқа, сүрме, қайрақ, жебе ұштары, теріден жасалған белбеу, асық сүйектер сынды бұйымдар бұрынғы өткен дәуірлердің мәдени тынысынан тың ақпарат береді.
Ғалымдар жәдігерлік бұйымдарда қазақ халқының этногенезі сақталған деген пікірін де білдірді. Табылған құмыралардағы таңба белгілер қазақ руларының таңбаларына ұқсас екеніне назар аударылды. Археологиялық қазба жұмыстарына университеттің тарих факультетінің 34 студенті де қатысты. Олар далалық зерттеу жұмысында практикадан өтіп, білімін тәжірибемен шыңдауда.
ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева қаңлы дәуіріне тән бірегей әшекей бұйымдарының да табылғанын атап өтті.
«Арыс өзенінің бойында, Қараспан ауылы маңындағы тұстан университеттің тарихшы-археолог ғалымдары мен өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан студенттер Қаңлы мемлекеті дәуіріне тән тағы бір көне қорым орнын тапты. Археологиялық жасақтың жетекшісі Александр Подушкин қорым құрылым көлемінің үлкендігімен ерекшеленетінін айтып отыр. Дәліздің ұзындығы 8,5 метр болса, тереңдігі 4 метрге жетеді, жерлеу камерасының тереңдігі 5,2 метрді құрайды. Мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген», – дейді университет ректоры Гүлжан Дәулетбекқызы.
Әйелге тиесілі сүйекте күміс жүзік пен алтын сырға болған. Ғалымдардың пікірінше, Қаңлы дәуіріне тиісті жерлеу орындарынан зергерлік бұйымдардың кездесуі некен-саяқ. Сол себепті табылған қорым үлкен тарихи және мәдени мәнге ие.
Біздің заманымыздың I-IV ғасырға тиесілі Күлтөбе қалашығының орнын ОҚМПУ археологиялық жасағы 1991 жылы анықтаған. Содан бергі кезеңде мұндай тарихи ғылыми-ізденіс жұмыстары үздіксіз жалғасып келеді. Жердің мәдениет қатпарын анықтауда тарих факультетінің студенттері археологиялық жасақтың жетекшісі А.Н.Подушкиннің басшылығымен қазба жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде отандық археологиялық ілімде өзіндік орын алуға лайықты сенсациялық жәдігерлер табылған. Қазірге дейін қалашық орнынан арамей әліпбиімен жазылған ежелгі иран тілінде орындалған 33 жазба ескерткіштерінің фрагменттері шыққан.
Оның ішінде 4 жазба күйдірілген лай тақтайшаларда тұтас фрагмент ретінде бүгінге дейін жеткен. Ең үлкен тақтайшадағы жазбалар 7 қатарда 140 таңба ретінде бедерленген. Қалған тақтайшалардағы жазбалардың таңбалар саны 56-дан 65-ке дейін жетеді. Тарихи мәні бар жазбаның мазмұнын ашуға Кембридж және Лондон университеттерінің профессоры, академик, әлемге әйгілі палеолингвист Николас Симс-Уильямс жәрдемші болыпты.
Айта кету керек, туған жерімізден жазба мәдениетінен тарихи белгінің табылуы – бұл аймақтың ежелден өркениеттің бөлшегі болғанын айғақтап, өңірдегі мемлекеттік-қоғамдық құрылымның тарихы 2 мың жылдан асатынын дәлелдейді.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы