Павлодарда ағаш кесіп жатқан үш адамды ток соқты, – деп хабарлады Рavlodarnews.kz сайты.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Вектор» аялдамасы жанында ағаштарды кесу жұмыстары кезінде көтергіш төмен құлап кеткен.
«Ағаштарды кесу жұмыстарын жүргізу кезінде манипулятордың көтергіші электр желілеріне тиген. Салдарынан 3 адам электр тогынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді», – деді департаменттен.
Зардап шеккендердің екеуі – 21, біреуі – 23 жаста.
«112» пультіне қоңырау сағат 09:28-де түскен. Оқиға орнына төрт құтқарушы, Апаттар медицинасы орталығынан төрт қызметкер, «102» және «103» қызметінің мамандары жеткен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 адамның жағдайы ауыр.
«Екеуін 30 және 40 пайыз күйік шалған. Үшінші адамды екі пайыз күйік шалған, күйік бөлімшесінде жатыр», – деді басқармадағылар.