Шанхай ынтымақтастық ұйымы сейсенбі күні Иранның қауымдастыққа мүше елдер қатарына кіруін ресми түрде жариялады. Айтулы шешім Үндістанның төрағалығымен өткен ұйымның 23-ші саммитінде қабылданды, – деп хабарлады ресейлік ТАСС агенттігі.
Иран мемлекетаралық бірлестіктің тоғызыншы мүшесі болды. 2022 жылдың қыркүйегінде Самарқандта өткен ШЫҰ-ның саммитінде Иранның ұйымға қосылуы туралы меморандумға қол қойылған.
ШЫҰ 2001 жылы 15 маусымда Шанхайда құрылған болатын. Алғашында ұйымға алты мемлекет – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кірсе, 2017 жылы оларға Үндістан мен Пәкістан қосылды.