Атырауда ауыл мектебі «Қазақстанның ТОП-100 олимпиада мектептері» қатарына енді

Атырау облысы бойынша үздіктер қатарына үш мектеп еніп отыр.

Олар: «Білім-Инновация» лицей-интернаты, Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия, Құрманғазы ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп.

Аталған мектептердің оқушылары биылғы оқу жылында республикалық ғылыми олимпиадаларда 141 орын алған. Соның ішінде ең көп орынды Құрманғазы ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушылары иеленіп отыр. Аталған мектептің оқушылары республикалық олимпиадаларда 98 орын жеңіп алған.

«Білім-инновация» лицейінің шәкірттері 3,  облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия оқушылары 40 жүлделі орын иеленген.

Айта кетсек, республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы 2022-2023 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңіне қатысушы-мектептер арасында еліміздің 100 олимпиадалық мектептері рейтингісін жариялады.

Рейтинг формула бойынша шығарылды, мұнда алтын медаль 3 ұпаймен, күміс медаль 2 және қола медаль 1 ұпаймен бағаланады.


Баян Жанұзақова

фото: aqtobegazeti.kz