Ақмолада ит етін сатқан ер адамға айыппұл салынды

Айыппұл көлемі – 690 мың теңге.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, 20 ақпан күні Шортанды ауданы Дамса кентінің 41 жастағы тұрғынына қатысты жануарларға қатыгездік көрсету туралы қылмыстық іс тіркелген болатын. Ол бұралқы иттерді ұстап алып, олардың етін сатқан. Тінту кезінде ер адамнан 750 келі ит еті табылды.

Астана қаласындағы кафелердің бірінің иесі бұрын күдіктіден 150 келіге жуық ет сатып алғанын, ол үшін 100 мың теңгеден астам ақша төлегенін айтты. Мәселенің анық-қанығын тексеру барысында полиция қызметкерлері ер адамның бұрын ветеринарияда жұмыс істеп, иттерді қалай ату керегін білгенін анықтады. Тінту барысында күдіктіден Аделин-супер препаратымен 26 дана дарт, 190 дана дартпен 19 пластинка, қызғылт түсті 11 дарт, көк түсті бір дарт, инесі бар шприц, мылтықтың дүм қолсабы мен мойыны табылды, олар соттан кейін жойылды.

Айта кету керек, қылмыстық іс қабылданғаннан кейін Шортанды ауданы полиция бөлімінің анықтаушысы екі апта ішінде хаттамалық нысан бойынша материалды сотқа беріп үлгерді.

26 маусым күні Шортанды ауданы сотының қатысты үкімімен ер адамға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, бұл – 690 мың теңге.

фото:studychinese.ru