Мерейтойға мәдени шашу

Құрылғанына бар-жоғы 2 жыл болса да, Түркістан му­зыкалық драма театры көрермен жүрегіне жол таба білді.

 Астана күніне орай қасиетті мекеннен жеткен өнер ұжымы мерейтойға мәдени тарту ұсынды.

Арқа төсінде апта бойы Түр­кістан музыкалық драма театры­ның үздік қойылымдары қойыл­ды. Атап айтсақ, гастрольдік ре­пер­туарға Р.Мұқанованың «Фариза», Т.Ахметжанның «Махаб­бат мұнарасы», А.Нүсіптің «Мағжан», Е.Аманшаевтың «Қорқыт» қойылымдары енген. Қазір Түркістан музыкалық драма театрының репертуарында 9 спектакль бар.

Сапалы дайындалған спек­такльдер бірнеше байқаудың бас жүлделерін де иеленді. Дулат Исабековтің «Бөрте» спектаклі – мәдениет және өнер саласындағы «Ұмай» тұңғыш ұлттық сыйлығын, II халықаралық «Исабеков әлемі» атты театр фестивалінің бас жүл­десін және «Театр сыншыларының бірлестігі» ұйымдастырған «Сын­шылар жүлдесін» жеңіп алды. Ticketon.kz сервисінің 10 жылды­ғы­на арналған «Тикетон пре­мия-2022» байқауында «Жылдың үздік премьерасын» жеңіп алды және театр актрисасы Айя Шәріп «Бөрте» рөлі үшін «Жыл актри­сасы» атанды. Талаптан Ахмет­жанның «Махаббат мұнарасы» қойылымы 2023 жылы Ticketon.kz сервисі ұйымдастырған байқауда «Жылдың үздік аймақтық спек­таклі» номинациясы бойынша топ жарды.

– Астананың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркістан облысының мәдени шашуы ре­тінде гастрольдік сапармен келдік. Астанаға былтыр да келіп, «Қор­қыт» пен «Бөртені» қойғанбыз. Бұл жолы гастрольдік сапарымыз­дың шымылдығын Роза Мұқано­ваның «Фариза» спектаклімен аштық. Екінші қойған спек­таклі­міз Т. Ахметжанның «Махаб­бат мұнарасы», одан кейін А.Нүсіптің «Мағжан», соңғы күні Е. Аман­шаевтың «Қорқыт» қойылым­дарын ұсындық. Астаналық кө­рер­мендер театрымызды келмей жатып-ақ қарсы алды. Әлеуметтік желілерде қай күні келетінімізді сұрағандар көп. Құшақ жайып қарсы алған, ыстық ықыласына бөлеген көрермендерге алғысы­мыз шексіз. Біз үшін көрерменнің көңілінен шыққаннан артық дәреже жоқ, – дейді Түркістан музы­калық драма театрының көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.

Өмірін өлеңге балаған Фариза ақынның өзгеше бейнесі де, «Махаббат мұнарасындағы» қос ғашықтың тұтанған сезім оты да, Мағжанның ақындықтан бөлек, адамдық қыры да, Қорқыттың мұң-зары да бәрі-бәрі театрдың осы жолғы сапарында баяндалды. Астана халқы мен қонақтарына әкелген төрт күндік тарту жанр­лық та, мазмұндық та тұрғыда көрушісін елең еткізбей қоймады.

– Спектакльдердің әрқай­сысына ерекше көңіл бөлеміз. Кеңесші мамандардың көмегіне жүгінеміз. «Мағжан» спектаклін қоятын кезде белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдіден көп кеңес алдық. «Бөрте» бір ғасыр өтіп кеткен оқиға болса, «Мағжан» күні кеше Кеңес заманында бол­ған тұлға. Мағжанның көзін көр­гендер мен әңгімесін тыңдағандар әлі де бар. Сондықтан біз спек­такль қоятын кезде тарихты тереңінен білетін кеңесшілердің қызметіне жүгінеміз. Көрерменге спектакльді жарнамалау, түсіндіру үшін арнайы тизер дайындаймыз. Өйткені театрға келіп жүрген көрер­мен мен бірінші рет келген көрермендер де бар. Сондықтан тизерді көрерменге түсінікті болу үшін түсіреміз. Сондай-ақ саунд­трек жазамыз. Осы жолғы спек­такльдер мен бұған дейінгі қойы­лымдардың музыкасын, либ­рет­тосын жазған – театрымыздың талантты композиторы Хамит Шанғалиев. Кешегі «Мағжандағы» композицияны жүрекке жет­кізетіндей етіп жазған да Хамит. Әрине, жас ерекшеліктеріне байланысты сырттан актерлер шақырып тұрамыз. Себебі біз жас театр болғандықтан, актер­ле­ріміздің жасы 25-ке дейін ғана. Спектакль нанымды болып шы­ғуы үшін жас ерекшеліктеріне қарай, сырттан актерлер шақы­рамыз. «Мағжан» спектаклін жаз­ған драматург те, қоюшы режиссер де, сценография жазған маман да жас. Спектакльдің мазмұнын ашуға жастарды тарттық. Олар шетелдік болса да, Мағжан туралы көп ізденген. Мағжанды тек лири­калық ақын, қоғам қайраткерінде ғана емес сценографияда эстет адам образында көрсетті, – дейді Айнұр Көпбасарова.

Оның айтуынша, Түркістан музыкалық театрының әртістері Ресейде және Қазақстандағы өнер академияларында оқыған. Театр­дың ең кіші актері 18-де, ал ең үл­кені – 25 жаста. Бұған дейін театр гастрольдік сапармен Алма­тыға, Астанаға және Мәскеуге барған.

– Жаңа маусымға екі қойылым дайындап жатырмыз. Келіссөздер де жүргізудеміз. Біз Саид Ахмад­тың «Келіндер көтерілісі» пьеса­сын қоюды ойлап отырмыз. Ол бұрын М.Әуезов театрында сахна­лан­ған. Дегенмен біз өз нұсқамыз­ды ұсынып көрмекпіз. Сондай-ақ «Қаламқас» деген драма және плас­­тиканың синтезі ретінде жаса­лып жатқан спек­такліміз бар. Авторы – Оңайгүл Тұржан. Спек­такльге қоюшы режиссерді шақы­рып жатырмыз, – дейді Түркістан музыкалық драма театрының көр­кем­дік жетекшісі Айнұр Көп­басарова.

Осылайша, аптаға созылған театр кеші талғампаз көрерменнің қай-қайсысын да бейжай қал­дырған жоқ.


К.ЕСІМ