Италияның Ауронзо қаласында жасөспірімдер мен жастар арасында байдарка мен каноэда ескек есуден әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, батысқазақстандық Мария Бровкова 18 жасқа дейінгілер арасында С-1 санатында 1000 метрлік сайыста 4:35.01 секунд көрсеткішпен үздік атанды.
Мажарстандық Река Саркани күміс жүлдеге ие болса, өзбекстандық Шохсанам Шерзодова үздік үштікке енді.
Сонымен қатар тағы бір қазақстандық Руфина Ысқақова 23 жасқа дейінгілер арасында С-1 санатында 1 мың метрге жарысудан мәре сызығына екінші болып жетті.
Жарысқа 65 елден 938 спортшы қатысып жатыр.