Атырау облысындағы Ералы су қоймасынан қырылған балықтың 70 келі өлексесі шығарылды.
Қызылқоға аудандық әкімдігінің мәліметінше, 7 шілдеде Ералы су қоймасының маңындағы Меңдібай учаскесінде ақбалық қырылған.
«Оқиға орнына Ойыл ауылдық округінің әкімі мен 6 ерікті барып, жағдайды анықтады. Олар жергілікті уақытпен сағат 12:00-19:00 аралығында су қойманы өлген балықтан тазалау жұмыстарын жүргізді. Ералы суқоймасының Меңдібай учаскесінен 70 келі шамасында өлген балық сүзіліп алынып, арнайы орынға көмілді», – деп хабарлады аудандық әкімдіктен.
Ал бүгін, 8 шілдеде жергілікті атқарушы орган қызметкерлері Меңдібай учаскесінде қосымша анықтау жұмыстарын жүргізді. Су қойманың басқа учаскелерінен балықтың өлу дерегі анықталған жоқ.
«Су қоймадан қырылған балық өлексесін жинауға атсалысқан еріктілердің айтуына қарағанда, ақбалықтар қандай да бір аурудан немесе басқа себептен қырылмаған. Өлген шабақтарда әртүрлі жарақат ізі бар. Сол себептен, заңсыз балық аулаушылар ауланған балықтарды су қоймаға кері лақтырып кетуі мүмкін деген болжам жасалып отыр», – деп мәлім етті аудандық әкімдіктен.
Балықтың қырылғаны жөнінде облыстық Балық шаруашылығы басқармасына хабарланған. Бүгін облыстық басқарманың мамандары Қызылқоға ауданына жіберілген.