Жақында ғана талай адамды сан соқтырған «Гарант 24» Ломбарды басшыларына байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Бірақ Қарағанды қаласында әлі күнге дейін осы ұйым туралы жар салған жарнама ілініп тұр. Қарағанды қаласына қонаққа келген Жанболат деген жігіт бұл жарнаманы суретке түсіріп алған. «Мен Қарағандыға басқа қаладан қонаққа келгенмін. Осында жүргенде атышулы ломбардтың жарнамасын көріп жағамды ұстадым. Бұл не масқара? Баяғыда алып тастау керек еді ғой. Бұл жергілікті әкімдіктің құзырында емес пе? Әлде оларға бәрібір ме?» деп қынжылысын білдірген екен сурет қожайыны. Ал Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі «бұл тұғырдың иелеріне жарнамалық тақтаны алып тастауды тапсырғанбыз» дейді. Арнайы жарнама ілетін тұғырдың иесі «Медиа Высот Монтаж» ЖШС болса, «біз бұл жарнаманы келісімшарт негізінде бір айсыз алып тастай алмаймыз, яғни Наурыз айының 3-і күні уақыты келеді, сонда ғана аламыз» деп отыр. Жергілікті Полиция департаментіндегілер «Гарант 24» ұйымының аймақтық бастықтарының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жарнама жариялаған барлық агенттікке алып тастау туралы хат жолдадық» дейді. Айта кету керек, елімізде үш бірдей қаржы пирамидасына тұрғындар бес миллиардтан астам ақша салған. Бұл шығын алда әлі де өсуі мүмкін. Өйткені тәртіп сақшыларына арызданбаған салымшылар жетіп артылады. Ал тексеруге кіріскен тәртіп сақшылары жұрттың үш бірдей күмәнді қаржы мекемесімен 50 мыңға жуық келісімшарт жасасқанын айтады. Қазір «Гарант 24 Ломбард», «Выгодный займ» және «Estate ломбард» компаниялары жұмыс істемейді. Бұл пирамидаларды ұйымдастырған қожайындары шетелге қашып кеткен. Ішкі істер министрлігі қазір тоғыз адамға халықаралық іздеу жариялады. Ал аймақтағы филиалдардың 13 директоры тергеліп жатыр. Әділ БЕК