Мысалы, жақында Құрманғазы ауданындағы «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі балық өңдеу цехын іске қосты. Қосымша құрылыс жұмыстары да жүріп жатыр. Бастысы, зауыт заман талабына толық жауап беретін құралдармен жабдықталған.
Байда ауылдық округіндегі Перевалочный учаскесінде іске қосылған нысан инвестиция есебінен жүзеге асырылып отыр.
Аумағы 2 500 шаршы метрді құрайтын цехтың қуаты бір мезгілде 30 тонна балықты қабылдауға жетеді. Мұнда әрқайсысының сыйымдылығы 15 тонналық 5 мұздатқыш камера, 400 тонналық бір балық сақтау орны бар. Өндірістік цехқа жан-жақтағы ауылдардың тұрғындары жұмысқа тартылған.
«Каспий-Балық» ӨК бас инженері Тілекқабыл Жәкеевтің айтуынша, ауланған балықтар су көліктерімен осы цехқа тасылады. Арнайы жәшіктерге салынып, мұздатылып, белгіленген орындарда сақталады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балықты өңдеу мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Біздің цехымызда балық шикізат күйінде емес, өңделген соң ғана экспортқа шығарылады», – дейді спикер Тілекқабыл Жакеев.
Қазіргі уақытта аталған «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі Құрманғазы ауданының Бірлік ауылындағы «Қызыл-оба» жерінен жаңадан балық өндеу цехын салып жатыр. Цех құрылысы Ресей елінің Нижний-Новгород қаласындағы «Атлантик-лайн» ашық акционерлік қоғамымен серіктестікте жүзеге асырылуда.
БЕРІСІ – РЕСЕЙ, ӘРІСІ – ФРАНЦИЯ
Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, қазір балық өнімдерін терең өңдеумен тек бір ғана «Амангелді» ЖШС айналысады.
Терең өңдеу дегеннен шығады, «Амангелді» кәсіпорнында бүгінде шаруашылық жұмыстары нәтижелі жүріп жатыр. Жыл басынан бері кәсіпорын 330 тонна көлемінде балық өнімін шығарған.
Каспий теңізі мен Жайық және Қиғаш өзендерінде кәсіпшілік балық аулау мен балық өнімдерін кең ассортиментте шығаратын ең ірі мекеме саналатын «Амангелді» кәсіпорны жыл басынан бері 241 тонна балықты шет мемлекеттерге экспорттап, 89 тонна балықты ішкі нарыққа сатылымға шығарды. Былтыр балықтың 2 512 тоннадай өнімі өндіріліп, 730 тоннасы өзге елге экспортталса, 1 782 тоннасы ел аумағында сатылған.
Кәсіпорында қазір балық аулаумен 1 100 адам айналысып жатыр. Ал балық өңдеу цехтары мен мекеме әкімшілігінде 400 адам, жалпы алғанда мекеме бойынша 1 500 адам қызмет етуде.
Қазіргі таңда «Амангелді» кәсіпорнына қарасты компаниялар тобында Атырау облысы бойынша теңізден және өзендерден балық қабылдайтын екі ірі айлақ пен балық өңдеп дайын өнім шығаруға арналған бір зауыт және екі цех бар. Сонымен қатар мекеме өз кәсіби қызметін атқаруға арналған 20 шағын кеме мен 6 теплоходпен қамтылған.
Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін аткарушы Азамат Әлібаевтың айтуынша, өткен жылдың II жартыжылдығы мен осы жылдың I жартыжылдығында барлығы 4 501 тонна балық ауланды.
«Одан 2,5 мың тонна салқындатылған балық, 300 тонна балық еті, 350 тонна ысталған, 200 тонна қақталған балық өнімдері шығарылды. Шығарылған дайын балық өнімдері Атырау қаласы бойынша 28 сауда нүктесінде сатылып жатыр. Қазіргі күні дайын балық өнімдері Қазақстанның батыс өңірлеріне жеткізіліп, шет елдерге жіберіледі. Оның ішінде Ресей, Әзербайжан, Украина, Германия, Польша, Румыния, Франция, Латвия, Грузия, Израиль елдеріне экспортталады», – деді А.Әлібаев.
БЕКІРЕ ӨСІРУ ЗАУЫТТАРЫ МОДЕРНИЗАЦИЯДАН ӨТЕДІ
Былтыр бекіре өсіру зауыттарын біріктіру жолымен қуатын арттыру жөнінде қаулы шықты. Қазіргі уақытта тиісті министрлікте жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Келесі жылы бекіре өсіру зауыттарын модернизациялау басталады. Жоспар бойынша қос зауыт та 80 пайызға жаңартылады деп күтілуде.
Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, зауыттар модернизациядан өткен кезде балықты ұрықтандырудан бастап, өзенге жіберуге дейінгі процесс толықтай автоматтандырылады. «Ал қуатын 12 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Махамбет ауданында қосымша бекіре шабақтарын өсіру бағытында жаңа нысан ашылады. Оған жергілікті қазынадан 1 миллион 200 мың теңге қаралады.
Сонымен бірге, Құрманғазы ауданындағы «Каспийфиш» ЖШС-іне тиесілі Шортанбай балық өңдеу зауыты толық модернизациядан өтеді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 11 миллиард 600 миллион теңге қаралған деді Артур Сәдібекұлы.
Еске сала кетелік, қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша 19 субъект кәсіптік балық аулаумен айналысуда. Оның ішінде, төртеуі тауарлы балық өсіруді қолға алған.
«2021 жылы «Шағала – Атырау» кәсіптік балық аулау субъектісі тіркелген болатын. Былтыр балық аулап, әрі өсірумен айналысатын «Сағиева» мен «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері іске қосылды. Бүгінде «Сағиева» серіктестігі өзі өсірген 30 мың тонна шабақты тоғанға жіберіп отыр. Оның 5 мың тоннасы – бекіре, қалғаны – қара балық. Ал «Тілекші» техникалық тоғанда тұқы балығын өсіріп жатыр. Егер бекіре бес жылда өнім берсе, тұқы екі жылда екі-үш келі жинап, тауарлы балыққа айналады» дейді Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Қазіргі уақытта осындай ірі шаруашылықтың Махамбет пен Құрманғазы аудандарында үшеуі, облыс орталығында екеуі бар.
Былтыр Жайық-Каспий бассейні бойынша 15 мың тоннаға жуық балық ауланған. Оның 13 мың тоннасы өңделген. 7,5 мың тонна өңделген балық алыс-жақын елдерге экспортталған. Ерекше атап өтерлігі, биыл ішкі нарықта Атырауда өндірілген балыққа ел ішіндегі сұраныс айтарлықтай артқан. Атырауда өңделген бренд осылайша, ішкі-сыртқы нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп жатыр.
Баян Жанұзақ,
Атырау облысы