Орта Азияда баламасы жоқ деп баланған кешенге бүгінде ағылған жұрттың қарасы қалың. Балалардың бірі биіктен су сырғымасынан сырғыса, үлкендер теңіздегідей жасанды толқыны бар бассейнде тынығуда.
Жалпы ауқымды жоба өңір туризмін дамыту бағдарламасы шеңберінде қолға алынған. Құны 1,2 миллиард теңге болатын демалыс аймағы 1,9 гектар аумақты алып жатыр. Сыйымдылығы бір мезетте 4000 адамды қамтуға қауқарлы. South Holiday ЖШС-нің басшысы Айбек Оршубековтің айтуынша, Орталық Азиядағы ірі аквапарктердің бірі саналатын бұл кешенде алдағы уақытта бес жұлдызды қонақ үй, ойын-сауық және өзге де сервистік орталықтар іске қосылмақ.
– Бұл – құрылыстың бірінші кезеңі ғана. Қазірдің өзінде кешенде төрт бассейін, түрлі әткеншектер, биіктен сырғитын сырғыма сияқты орындар жұмыс жасап тұр. Қондырғының барлығы түрік елінен әкелінген. Қауіпсіздігі өте жоғары. Бассейндегі су халықаралық стандартқа сай келеді. Әрбір екі сағат сайын ауыстырылып тұрады.
Енді екінші және үшінші кезеңде сервистік кластерімізді дамытамыз. Бес жұлдызды қонақ үйлер мен түрлі тынығу орындары келушілерге қызмет көрсететін болады, – дейді South Holiday ЖШС-нің басшысы Айбек Оршубеков.
Кешенде демалу құны ересектерге 5 мың, балаларға 4 мың теңге болып белгіленген. Алайда бұл бағаны қымбатсынғандар алғашқы күннен ішкі қынжылыстарын білдіруде.
«Бағасы ұшып тұр. Бес мың теңгені біздің қалта көтермейді. 2000-2500 теңге көлеміндегі ортақ бағаға келу керек. Ойлаңыз, бір отбасыда 4-5 бала бар болса, 20-25 мың ақша шығады. Бала болғасын ішке кіргенде «су – пу», «оны-мұны» ішіп-жегісі келеді. Оған тағы 10-15 мың қосыңыз. Сонда бір отбасынан аквапаркке бір барып қайту құны 50-55 мың теңгеге шығып кетеді. Сондықтан бағаны халықтың қалтасы көтеретіндей қылған жөн. Және көпбалалы отбасылар үшін 50 пайыздық, тіпті «Алтын алқа» мен «Күміс алқалы» аналардың балалары үшін тегін жасаса, нұр үстіне нұр болады», – деп өнер қайраткері Асқарбек Сейілханов әлеуметтік желіде өз ойын білдірді.
Алайда бұл оймен бәрі бірдей келісіп отырған жоқ. Бұл тараздықтар үшін жасалған теңдессіз тарту дейтіндер бар.
– Тараз қаласында «Зербұлақ» мәдени-сауықтыру отбасылық демалыс аймағының пайдалануға берілгені шаһар тұрғындары үшін теңдессіз тарту болғаны анық. Халықаралық деңгейдегі кешен туризмді дамыту бағытына жасалған үлкен қадам болып отыр.
Ауқымды жобаның құны – 1,2 миллиард теңге, кешен бір мезетте 4000 адамды қамтуға қауқарлы екені қуантуда. Себебі мұнда үлкендерден бастап, балаларға арналған түрлі әткеншектер мен толқынды бассейн секілді заманауи құрылғылар қызмет көрсетуде. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарының еркін демалуына бар мүмкіндікті туғызып отыр.
Шыны керек, бұрын отбасыңмен демалу үшін Алматы немесе Шымкент қаласындағы демалыс орындарына көз тігіп, аңсарымыз ауып отыратын. Енді міне, өз қаламызда осындай теңдессіз кешеннің ашылуы көне шаһарымыз дамудың даңғыл жолына түскенін айғақтауда, – дейді қала тұрғыны Гүлнар Каримсакова.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те шаһарда 26 бассейн бар екенін, тұрғындар теңгесіне қарай өз таңдауын жасай алатынын айтады. Десе де «Зербұлақ» демалыс аймағына келушілердің қарасы үзілмей тұр. Онлайн түрінде түске дейін 2000, түстен кейін 2000 адам билет сатып алып жатқанын кешен әкімшілігі айтып отыр. Әзірге бұл демалыс аймағының бірінші кезеңі ғана екенін ескерсек, құрылыс жұмыстары толықтай аяқталғанда «Зербұлаққа» ағылған жұртта есеп болмайтыны анық.
Жамбыл облысы
Саятхан Сатылған