Фестиваль – қазақ шахматсүйер қауымы үшін бірегей оқиға.
Қатысушылар алдында ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сөз сөйледі. Ол елімізде спорттың, оның ішінде шахмат сияқты зияткерлік ойынның дамуына қолдау көрсетіліп, ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, сондықтан да мұндай фестивальдар қазақстандық спорт мәдениетінің ажырамас бөлігі болып қала береді, бұл жас дарындарды анықтауға және қолдауға, жаңа ұрпақты жетістікке жетуге шабыттандырады және барлық шахматшылардың мүмкіндіктерінің көкжиегін кеңейтеді.
Қонақтарды еліміздегі мыңдаған жас шахматшыларға, әсіресе спортшы қыздарға үлгі-өнеге болған Динара Сәдуақасованың өзі қарсы алды.
«Шахмат – бұл өнер, стратегия және интеллектуалдық жарыс қана емес, сонымен қатар пікір алмасу, дағдыларды жетілдіру және жаңа достар табу мүмкіндігі. Біздің фестиваль әлемнің 16 елінен 800-ден астам шахматшының басын қосты. Тіркелушілердің едәуір бөлігін балалар құрайды. Қазақстанда өте талантты және қабілетті шахматшылар бар, олар фестиваль кезінде рейтингтерін көтеруге, халықаралық шебер, FIDE шебері, халықаралық гроссмейстер нормаларын орындауға бірегей мүмкіндік алады. Бұл біздің еліміздегі шахматты дамытуға қосқан үлесіміз», – деді ол.
Фестиваль аясында төрт турнир өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Кубогының кезеңі, әуесқойлар, балалар арасындағы бәсеке және блиц-ойын.
Қазақстандық шахматшыларға берілген керемет мүмкіндік – олар жарысты еркін тамашалай алады, тәжірибе жинақтайды, кейбіреулері тіпті фестивальге қатысатын 20-дан астам гроссмейстерлермен турнирлер кезінде ойнай алады.
Фестивальдің жоғары мәртебеге ие болуы қатысушылардың деңгейіне ерекше мән береді. Америкалық шахматшы, гроссмейстер Ханс Моке Ниманн, армяндық гроссмейстерлер Шант Саргсян және Мануэль Петросян Астанадағы «рейтинг фавориттері» қатарында. Фестивальге қазіргі әйелдер арасындағы Азия чемпионы Дивья Дешмух та қатысуда. Үндістан, Израиль, Украина, Әзербайжан және басқа мемлекеттерден де мықты ойыншылар бар.
Әсерлі әрі қызу эмоцияға толы фестиваль кезінде, әсіресе жаңадан келген ойыншылар мен балалар үшін гроссмейстерлермен синхронды ойындар ұйымдастырылады.
«Астана жұлдыздарының» ерекшелігі мен маңызы – «FIDE ұйымдастырушысы» (FIDE – халықаралық шахмат федерациясы, ұлттық федерацияларды біріктіреді) атағына арналған семинар. Мұндай іс-шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.
Лектор халықаралық арбитр, FIDE халықаралық ұйымдастырушысы, Канададан келген Вадим Цыпин болады.
Оның айтуынша, семинарға қатысушылар әлемдік шахмат турнирлерін өткізудің барлық стандарттарын – үстелді орналастырудан бастап қатысушылардың ойын тәртібін және «алаяқтыққа қарсы» шараларға дейін біле алады. Семинар аяқтағаннан кейін біліктілігін арттырушылар емтихан тапсырып, барлық талаптарға сай халықаралық FIDE ұйымдастырушысының ресми мәртебесін алуға өтініш бере алады.
Шара барысында төрт турнирге де төрелік ететін Вадим Цыпин фестиваль туралы айтты.
«Мен төрт құрлықта да жұмыс істедім және өз тәжірибемнен Қазақстанның шахмат картасында жетекші елдердің бірі ретінде абсолютті көшбасшыға айналуға толық мүмкіндігі бар деп айта аламын. Қазақстан ұлттық дайындықтың пропорционалды пирамидасын құрды, өзінің үздік ойыншыларын, төрешілерін, турнир ұйымдастырушыларын органикалық түрде өсірді және өзінің шахмат мектебін қалыптастырды. «Астана жұлдыздары» сияқты фестивальдар білім мен әлеуметтенудің маңызды элементі ретінде Қазақстанның шахматқа үлкен көңіл бөлетінін растайды. Фестивальге қатысқан жүздеген балалар ересек ойыншылардан үлгі алып, мінездері мен талдау қабілеттерін дамытып, болашақта әлемнің зияткерлік элитасына айналады», – деді ол.
Турнирлердің жүлде қоры рекордтық сома – 40 миллион теңгені құрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қатысушылар үшін қосымша ынталандыру. Айта кету керек, бұл сома аясында арнайы жүлделер әйелдерге де, шахмат ардагерлері мен балаларға да қарастырылған.